Қазақстанда 4 мыңнан астам тегін дәрі-дәрмек дәріханаларда сатылып келген
Оларға 12,3 млн теңге айыппұл салынды
Денсаулық сақтау министрлігі 2024 жылғы 1 шілдеден бастап дәрілік заттардың айналымын таңбалау жүйесін пайдалана отырып талдау жүргізді. «Таңбаланған тауарлардың электрондық құжат айналымы орталығы» аналитикалық платформасының деректеріне сәйкес, бүкіл ел бойынша дәріхана ұйымдарында мемлекет кепілдік берген тегін медициналық көмектің көлемі (ТМККК) аясында қамтамасыз етуге арналған 4114 препараттың сатылғаны анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
74 нысанға жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 31 нысан әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұлдардың жалпы сомасы 12,3 млн теңгені құрады, 43 ұйымға бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым берілді.
«Науқастарға ТМККК аясында берілген дәрілердің заңсыз сатылу фактілері анықталды. Бірқатар жағдайда медициналық ұйымдар арқылы берілген препараттар дәріхана желілеріне түскені белгілі болды. Анықталған позициялар арасында инфузияға арналған натрий хлориді мен глюкоза ерітінділері, кейбір антибиотиктер және созылмалы ауруларды емдеуге арналған препараттар бар», – делінген министрлік хабарламасында.
«Цифрлық экономиканы дамыту орталығы» ЖШС ақпараты бойынша, таңбалау кодтарын пайдалануда жүйелі бұзушылықтар тіркелген: 35 537 қайта шығару жағдайы, әртүрлі қатысушылардың бір кодты 480 752 рет пайдалануы анықталған, сондай-ақ 1140 нысан 15 614 кодты қайтадан айналымнан шығарғаны белгілі болды.
Анықталған фактілер бойынша материалдар Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігіне және Ұлттық қауіпсіздік комитеті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметіне жіберілді. Қосымша тексерулер жүргізілуде, осы бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр.