«AMANAT» бастамасы: Кеңес ауылында өнерге бет бұрған жастар көбейді

Бүгінде бұл мәдениет үйі ауылдың рухани орталығына айналды

«AMANAT» бастамасы: Кеңес ауылында өнерге бет бұрған жастар көбейді
Фото: «AMANAT» партиясы

«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында Жамбыл облысы Байзақ ауданына қарасты Кеңес ауылында ашылған мәдениет үйі бүгінде ауылдың рухани өмірін жандандырып, нақты нәтижесін көрсетіп отыр. Аз уақытта мұнда ондаған жас өнерге бет бұрып, түрлі деңгейдегі байқауларда жеңіс тұғырынан көріне бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұған дейін Кеңес ауылында мәдениет ошағы мүлде болмаған. Іс-шаралар мектепте немесе ашық алаңдарда өткізіліп келді. Әулиеата айтысының кешегісін бүгінге жалғаған Әсет Дүйсебаев, Рай Дөңбай, Дархан Әбдіманат сынды талантты айтыскерлер шыққан ауылда ұзақ жылдар бойы мәдениет үйінің болмауы көпшіліктің көңілін күпті етіп келген еді.

2024 жылы «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында бұл мәселе толық шешімін тапты. Нәтижесінде 2000-ға жуық тұрғыны бар ауылда 90 орындық жаңа мәдениет салынып, ел игілігіне берілді.

Бүгінде бұл мәдениет үйі ауылдың рухани орталығына айналды.  Онда 5 үйірме тұрақты жұмыс істейді. Атап айтқанда, «Жас толқын» ән, «Керім ай» би, «Жас дарын» ақындар үйірмелері, сондай-ақ қылқалам және көркемсөз бағыттары бойынша 38 жасөспірім өнерін шыңдауда. Үйірмелерді білікті мамандар жүргізіп, балалардың шығармашылық әлеуетін дамытуға жол ашылды.

«Тәуелсіздік алғаннан бері ауылымызда мәдениет үйі болмады. Іс-шаралардың барлығы әкімдік алдында немесе мектептің мәжіліс залында өтетін. Мұндай мәдени ошақ бізге аса қажет еді. Партияның арқасында бұл мәселе шешімін тауып, мәдениет үйі салынды. Қазір мұнда балаларымызды өнерге баулып жатырмыз. Олардың болашағынан үлкен үміт күтеміз», – дейді ауыл тұрғыны, ардагер ұстаз Маратжан Жүнісов.

Нақты нәтижелер де бар. Мәселен, ауыл оқушысы Әнуарбек Әділжан облыстық «Сөз бен саз» байқауында «Жас ақын» номинациясы бойынша бас жүлде иеленіп, Астана қаласында өтетін кезеңге жолдама алды. Сонымен қатар қылқалам шеберлері республикалық «Бояулар құпиясы» байқауында үздіктер қатарынан көрінсе, «Керім ай» би үйірмесінің қатысушылары да түрлі деңгейдегі байқауларда жүлделі орындарға ие болуда. Осылайша кезінде айтыс ақындарымен танылған ауылда жас таланттардың жаңа буыны қалыптасып келеді. 

Жобаның сапалы жүзеге асуына партиялық бақылау ықпал етті. Құрылыс барысы тұрақты қадағаланып, тұрғындардың ұсыныстары ескерілді.

«Құрылыс басталған сәттен бастап партиялық бақылау бекеті құрылып, нысан толық пайдалануға берілгенге дейін жұмысты қадағалап отырдық. Ауыл тұрғындарының ұсыныстарын мердігерге жеткізіп, сапалы мәдениет ошағының салынуына ықпал еттік», – дейді «Кеңес» бастауыш партия ұйымының төрағасы Бақыткүл Жұматаева.

Айта кетейік, Жамбыл облысында 2023 жылдан бері «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында мәдениет саласында 24 нысан ашылып, 11 мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті.