Қарашаның алғашқы он күнінде республикада күн суытады. Солтүстікте боран соғып, тұман және көктайғақ болады
Синоптиктер қараша айының ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қараша айында циклондар мен антициклондардың жиі ауысуына байланысты ауа температурасы республиканың басым бөлігінде климаттық норма шамасында болады. Тек Азиядан ығысатын ағындардың ықпалынан Қазақстанның оңтүстік-шығысында 1°С-қа жылы болады деген болжам бар.
Синоптиктердің айтуынша, күздің соңғы айында атмосфералық фронттардың әсерінен ауа райы құбылмалы болады. Жауын-шашын жауады, қатты жел соғады (солтүстікте боран), тұман және көктайғақ болады.
Алғашқы онкүндікте бүкіл дерлік өңірде күн суытады.
«Онкүндіктің басында батыста, ортасына қарай солтүстік-батыста, солтүстікте, орталықта және шығыста түнгі уақытта температура 5…10, кей жерлерде 13 градус аяз, күндіз 0…5 аяз, кей жерлерде 5 градус жылыға дейін, оңтүстікте түнде 0…5, кей жерлерде 10 градус аяз, күндіз 3...8 градус жылыға дейін төмендейді», - деп хабарлады Қазгидромет.
Артынша солтүстікте, орталықта және шығыста ауа температурасы түнде 0...5 градус аяз, кей жерлерде 3 градус жылы, күндіз 3...8 градус жылы болады деп болжанып отыр.
Еліміздің батысы мен оңтүстігінде ауа температурасы түнде 0...5-ке, кей жерлерде 8, күндіз 8...13 градусқа дейін көтеріледі.
Онкүндік соңында республика аумағына кезекті антициклон ығысып, температура қайтадан төмендейді.
«Екінші және үшінші онкүндіктерде температура қарқынды төмендеп, солтүстік облыстарда қалың қар түсуі мүмкін. Әдетте, солтүстікте қараша айының бірінші жартысында, оңтүстік өңірлерде қараша айының соңы мен желтоқсан айының басында қар жатады», – дейді мамандар.