Шымкентте құрылысы бітпеген көпірдің ақшасы 100% игеріліп қойған
Абай ауданында салынып жатқан көпір құрылысы ұзаққа созылып, оған жауапты басқарма басшысы қызметінен кеткен
Шымкент қаласындағы Темірлан тас жолының бойында жаяу жүргіншілерге арналған көпірдің салынып жатқанына 5 жыл толды.
«Сақалды құрылыстың қала ортасында тұрғанына 2 жылдан асты. Айналасының бәрін қазып тастаған. Түнде маңынан өткен адам үшін қауіпті. Қауіпсіздік шаралары мүлде сақталмаған. Қазір оның маңында жұмыс жасап жатқан бірде-бір адамды көрмейсіз. Жұмысты қай мекеме бақылауында ұстап отыр? Жауапты басқарма басшысына звондап хабарлассам, қазір орнында уақытша міндетін атқарушы отыр екен. Ол уақыты жоғын айтып, басын алып қашты. Оның қаржысы игерілмей қалмай ма?», - деп қоғам белсендісі Анар Сүлеева қала басшылығына сауал жолдады.
Көпір құрылысына жауапты мекеме – қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы. Ал, қызметінен кеткен басқарма басшысы Қуатжан Әзімбайұлы Жұматаев.
Қоғам белсендісінің көпірге қатысты сауалына Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ербол Садыр жауап берді.
«Мен сізді түзеп кетейін. Ол көпірдің тұрғанына 2 жыл емес, 5-жыл болды. «5 жылдан бері бітпейтін не көпір ол?» деген ой менде де болды. Жуырда жауапты басқарма басшысы осындай олқылықтары үшін жұмыстан кетті. Көпір қаржысының бәрі игеріліп кеткен, бірақ әлі бітпеген. Қаржының игерілуі бойынша тиісті органдар айналыса жатар. Мен өзіме дейінгі азаматтар үшін жауап бере алмаймын. Аяқсыз қалған көпірлер онымен шектелмейді, қалада құрылысы басталып, аяғына жетпеген көптеген көпір бар. Не бітпейді, не халыққа пайдалануға берілмейді», - дейді Ербол Садыр.
Қала әкімі орынбасарының сөзіне сенсек, мұндай мәселелер бюджет қаржысын тиімді жұмсамағаннан туындап отыр. Мәселен, Тұран шағын ауданында құрылысы басталған 5 кешеннің бірде-біреуі әлі күнге дейін пайдалануға берілмеген. Бұдан бөлек, Адырбеков көшесіндегі жөндеу жұмыстары да жүйелі жүргізілмеген. Жол қазылған, бірақ ақшасы игерілмей, сол аумақта тұратын тұрғындардың ары-бері жүріп-тұруына кедергі жасап отыр.
Арай Есенбек, Шымкент