Әскердегі өзгеріс: сарбаздарға телефон ұстауға кеңірек мүмкіндік берілді

Автор: Мөлдір Қазыбай

Қорғаныс министрлігі мобильді құрылғыларды әкелу мен пайдаланудың жаңа тәртібін бекітті.

Фото: istockphoto.com

Қазақстанда әскери қызметшілердің ұялы телефон қолдануына қатысты талаптар жеңілдетілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 30 наурызда тиісті бұйрыққа қол қойылып, ұялы байланыс құрылғыларын әкелу, алып шығу және пайдалану ережелері жаңартылды.

Жаңа тәртіпке сәйкес, енді сарбаздар, курсанттар мен кадеттер телефондарын әскери бөлім аумағына өшірулі күйде әкеліп, алып шыға алады. Құрылғыларды тек казарма аумағында ғана емес, сонымен қатар әскери госпитальдарда, әскери-медициналық бөлімдерде және емдеу-диагностикалық нысандарда пайдалануға рұқсат берілген.

Бұған дейін әскери қызметшілерге ұялы телефондарды тек шектеулі уақытта және тек казарма ішінде қолдануға мүмкіндік болған. Оның өзінде көбіне батырмалы телефондарға ғана рұқсат беріліп, пайдалану уақыты қысқа мерзіммен шектелетін.

Жаңа ережелер әскери тәртіпті сақтай отырып, сарбаздардың күнделікті тұрмысына белгілі бір деңгейде қолайлылық енгізуді көздейді.