Тегін таратылған аяқ киім тәртіпсіздікке ұласты: кәсіпкер 5 тәулікке қамалды

Өскемендегі дүкен ашылуында жаппай жиналған жұрт қысылыс туғызып, ұйымдастырушы жауапқа тартылды.

Тегін таратылған аяқ киім тәртіпсіздікке ұласты: кәсіпкер 5 тәулікке қамалды
Фото: istockphoto.com

Өскеменде дүкеннің ашылуында өткен тегін тарату акциясы тәртіпсіздікке ұласып, ұйымдастырушы 5 тәулікке қамалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Шығыс Қазақстан облыстық сотының мәліметінше, 11 сәуір күні «Башпай» дүкенінде өткен шара кезінде кәсіпкер қоғамдық тәртіп талаптарын сақтамай, жаппай іс-шара ұйымдастырған. Сол күні тауарлар жеңілдікпен сатылып, келушілерге тегін тамақ пен аяқ киім таратылған.

Алайда көпшіліктің бақылаусыз жиналуы салдарынан дүкен маңында қысылыс пайда болып, адамдар бірін-бірі итеріп, жалпы тәртіп бұзылған. Нәтижесінде қоғамдық орындардағы қауіпсіздік талаптары сақталмай, жағдай ушыққан.

Сот шешімімен ер адам «ұсақ бұзақылық» бабы бойынша кінәлі деп танылып, 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Қаулы әлі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, аталған акция барысында 100 жұп аяқ киім тегін таратылған. Келушілердің көп жиналуы салдарынан тауарды үлестіру кезінде ретсіздік орын алған. Осы оқиғадан кейін 12 сәуірде ұйымдастырушыға қосымша 20 АЕК көлемінде (шамамен 86 мың теңге) айыппұл салынған еді.