Александр Данилов Алматы қаласындағы БПҰ жетекшілерімен кездесу өткізді

Алматыда өткен кездесуде партияның ішкі құрылымы мен халықпен байланыс тетіктері талқыланды.

Александр Данилов Алматы қаласындағы БПҰ жетекшілерімен кездесу өткізді
Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Алматыда «AMANAT» партиясының Хатшысы Александр Данилов бастауыш партия ұйымдарының жетекшілерімен кездесті. Жиында партия қызметін жетілдіру және халықпен өзара іс-қимылды күшейту мәселелері қаралғанын, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кездесуге Алматы қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қуаныш Төлепов, аудандық филиалдардың қызметкерлері және бастауыш партия ұйымдарының белсенділері қатысты. 

Басқосу партияның өңірлік деңгейдегі жұмысын қайта саралап, кері байланысты күшейтуге бағытталды.

Партия хатшысы Александр Данилов ашық диалогтың маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, мұндай формат партияның ішкі сенімін арттырып қана қоймай, қоғамдағы нақты сұраныстарды дер кезінде аңғарып, соған жауап беруге мүмкіндік береді.

«Бізге осындай өзара диалог қажет. Бүгінде партия өзін сенімді сезінеді: шынымен де ауқымды жұмыс атқарылды және біз дұрыс бағытта жұмыс істеп келеміз. Партияның өзегі – өздеріңіз. Бізде хатшылар мен басшылар деген бөлініс жоқ. Бәріміз – партияласпыз», – деді Александр Данилов.

Оның мәліметінше, «AMANAT» партиясы мемлекеттің дамуына қатысты кешенді көзқарас қалыптастырған. Сол арқылы барлық бағыт бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді.

««AMANAT»-тың тұтас мемлекетті дамытуға қатысты толыққанды кешенді көзқарасы бар. Біз алдағы уақытта да барлық бағыт бойынша жұмысымызды жандандыра береміз», – деді партия хатшысы.

Жиында Халықтық Конституция бойынша өткен референдум қорытындылары да сөз болды. Александр Данилов бұл науқанға белсенді қатысқан азаматтарға алғыс білдіріп, нәтижені қоғамның сенімінің көрінісі ретінде бағалады.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының қоғамдық тірегі ретінде партия белсенділері маңызды рөл атқарған. Азаматтық ұстанымы берік, ел ісіне бейжай қарамайтын адамдардың жұмылуы жоғары нәтижеге жеткізген.

Кездесу барысында бастауыш партия ұйымдарының өкілдері нақты ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, «Жоғары білім» БПҰ төрағасы Болатбек Нұрбатыров білім саласына қатысты бастамаларын ұсынса, «Түрксіб 28» ұйымының жетекшісі Фарида Омарбекова жергілікті деңгейдегі әлеуметтік мәселелерді көтерді.

Сондай-ақ «Орталық филиал» БПҰ төрағасы Бақыткүл Иргембаева, «KazComfort» ұйымының жетекшісі Махамбет Асабаев және «Саялы» БПҰ төрағасы Гүлжан Бекенова партия жұмысын жандандыруға бағытталған ұсыныстарымен бөлісті.

Жиын қорытындысында өңірлік құрылымдардың белсенділігін арттыру, азаматтармен тікелей байланыс орнату және бастауыш ұйымдардың рөлін күшейту қажеттігі атап өтілді. Партия өкілдері ұсыныстарды жүйелеп, алдағы жұмыс жоспарына енгізу көзделіп отырғанын жеткізді.