«Кітап-AMANAT»: Ерлан Ахмеди «Ойлан, Қазақ» романын оқырманға таныстырды

Автор: Темірхан Айжан

Автор XXI ғасырдың технологиялық трансформациясын да назардан тыс қалдырмай, жасанды интеллект пен виртуалды кеңістік идеясын көркем сюжетпен ұштастырған

Фото: Azattyq Rýhy

Ұлттық кітап күні қарсаңында «Кітап-AMANAT» партиялық жобасы аясында SocioExpertClub диалог алаңында жазушы, саяси сарапшы Ерлан Ахмедидің «Ойлан, Қазақ» романының ресми таныстырылымы өтті. Аталған шығарма биылғы Mecenat.kz әдеби сыйлығының 5-маусымының финалына жолдама алған. Биыл 33 үміткер бақ сынап, нәтижесінде 6 роман финалға өткен, оның үшеуі қазақ тілінде, үшеуі орыс тілінде жазылған. Іс-шараға парламент депутаттары, зиялы қауым өкілдері, әдебиеттанушылар, қоғам қайраткерлері, жастар және БАҚ өкілдері қатысты, деп жазады Azattyq Rýhy.

«Ойлан, Қазақ» романы ұлттық тәрбие, тарихи сабақтастық, әділеттілік пен адалдық, әке мен бала арасындағы рухани байланыс секілді маңызды тақырыптарды көтереді. Сонымен қатар шығармада қазіргі қоғамның күрделі психологиялық процестері, экзистенциялық дағдарыс, тұлғаның ішкі екіге жарылуы көркемдік тұрғыда ашылған. Автор XXI ғасырдың технологиялық трансформациясын да назардан тыс қалдырмай, жасанды интеллект пен виртуалды кеңістік идеясын көркем сюжетпен ұштастырған.

Ерлан Ахмеди қазіргі қоғамдағы кітап оқу мәдениетін уақытша құбылыс емес, халықтың рухани сұранысы деп есептейді. Осыдан 10 жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда, бүгінгі оқырман белсенді. Мемлекеттің жүйелі қолдауы мен Президенттің тікелей бастамалары бұл салаға соны серпін беріп, кітап оқитын ортаны қайта қалыптастырды.

«Президенттің өзі де халықты кітап оқуға үндеп, ынталандырып келеді. Сонымен қатар Ұлттық кітап күнінің жариялануы да осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі болды. Осы бастамалардың аясында әртүрлі мәдени-әдеби іс-шаралар өткізіліп жатыр. «Кітап-AMANAT» сияқты жобалардың іске асырылуы да қазіргі қоғамдағы кітапқа, әдебиетке деген қызығушылықтың көрінісі деп айтуға болады. Мен мұны күнделікті өмірден де байқап жүрмін. Өзім жиі баратын «Меломан» сияқты дүкендерде кітап қарап жүрген жастар өте көп. Соның ішінде қазақша кітаптарға деген сұраныс ерекше жоғары. Қазір әлемдік үздік шығармалар қазақ тіліне тез аударылып жатыр. Соның арқасында оқырмандарымыз әлемдік классиканы өз ана тілінде емін-еркін оқи алады. Кітап оқудың пайдасы да орасан зор. Ғалымдардың айтуынша, күніне небәрі 6 минут кітап оқу стресті 60-68 пайызға дейін басады. Кітапты серік еткен жандар оқымайтындарға қарағанда 20-23 пайызға ұзақ өмір сүреді екен. Бұдан бөлек, кітап адамның ой-өрісін кеңейтіп, терең ойлауға үйретеді, сөйлеу мәдениеті мен шешендік қабілетті дамытады», - дейді автор.

Ол өзінің жаңа романын жазуға түрткі болған ішкі себептерге тоқталып, шығарманың идеясы 2023 жылы пайда болып, 50-60 жас аралығындағы адамның ішкі жан дүниесін, рухани күйзелісін, өмірлік дағдарысын зерттеу ниеті болғанын айтты.

«Бұл кітапты жазу үшін екі жылдай уақытымды ізденіске арнадым. Түрлі нұсқаларын қарастырып, ұзақ ойландым. Тек өткен жылдың мамыр айында ғана нақты бір тоқтамға келіп, осы бағытта жазуды ұйғардым. Содан шілдеде іске кірісіп, биылғы ақпанға дейін, шамамен жеті айдың ішінде романды толық жазып шықтым. Негізі, бұл кітаптың идеясы ойыма бірден келе салған жоқ. Оның бастауы менің балалық шағымда жатыр десем болады. Мен әжемнің тәрбиесін көріп өстім. Кішкентайымнан қазақтың жыр-дастандарын, айтыс пен күй өнерін бойыма сіңіріп өскендіктен, сол ұлттық рух кейін шығармашылығыма да өз әсерін тигізді.

Қазіргі цифрлық дәуірде мұндай тақырыптар өте өзекті деп есептеймін. Біз күн сайын әртүрлі мәдениеттер мен ойлардың ықпалында өмір сүріп жатырмыз. Егер адамның ішкі рухани иммунитеті болмаса, ол «мен кіммін?» деген сұраққа жауап таба алмай, күйзеліске түсуі мүмкін. Сондықтан бұл романда бір кейіпкердің ішкі әлемі арқылы бүгінгі қоғамның халін көрсеткім келді. Біз өзімізді ұлы ұлыстың ұрпағымыз дейміз, бірақ соны қаншалықты сезінеміз? Тарихи сабақтастық бізде сақталған ба? Осы сұрақтар мені қатты ойландырды. Шығармамда үш негізгі бағытты қамтуға тырыстым. Біріншісі - ұлттық тәрбие, адалдық пен әділеттілік және әке мен бала арасындағы рухани байланыс. Екіншісі - психологиялық бағыт. Мұнда адамның ішкі арпалысы, «тұлғаның екіге жарылуы» сияқты күрделі дүниелерді қозғадым. Мен бұл идеяны дамытып, кейіпкерімді үшке бөлдім: «ақ Әділжан», «қара Әділжан» және сырттай бақылаушы. Осы үш бейненің өзара диалогы мен тартысы арқылы адамның ішкі әлемін ашқым келді. Оқырман осы кейіпкерден өзін көре алады деп ойлаймын.

Үшінші бағыт - қазіргі заман мен технология. Жасанды интеллект, виртуалды әлем мәселелерін де назардан тыс қалдырмадым. Кітапта адам өз өткеніне қайта оралып, 5, 10, 15 жастағы нұсқаларымен кездеседі. Барлық сюжетті айтып тастамайын, бірақ жалпы идеясы осы бағытта өрбиді», - деп түсіндіріп өтті ол.

Диалог алаңына келген Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Әлтай  мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған бастамасы бүгінде қоғамдық қозғалысқа айналып келе жатқанын айтып, бұл үдерістің мәні тек кітап оқумен шектелмей, ұлттық сананы қалыптастырумен тікелей байланысты екенін атап өтті.

«Бүгінде мемлекет басшысының кітап оқуды дамыту туралы бастамасы қоғамда үлкен қолдау тауып, нақты іске асып жатыр. Меніңше, хәкім Абай армандаған «нұрлы ақыл, ыстық жүрек, қайратты мінез» иесі - «Толық адамды» қалыптастыру үшін, ең алдымен, халықтың кітапқа деген махаббатын оятуымыз керек. Бүгін сіздер «Ойлан, Қазақ» атты жаңа туындыны оқырманға ұсынып отырсыздар. Байқап отырғанымыздай, бұл роман қазақ әдебиетін әлемдік деңгейге көтерген Мұхтар Мағауин мен Төлен Әбдік сияқты классиктеріміздің модернистік бағытымен үндесіп жатыр. Ол кісілердің еңбектеріндегі маңызды тақырыптардың жаңаша сипатта жаңғырғанын көріп отырмыз. Біз бұл шығарманы міндетті түрде оқимыз. Бірақ жай ғана оқып шықпай, әрбір ойын саралап, талдап, өз елегімізден өткіземіз. Әр оқырман туындыны өз танымы мен талғамына салып қабылдауы тиіс деп есептеймін», - деді ол.

Депутат атағандай, әдебиет - қоғамдық сананы тәрбиелейтін қуатты құрал, сондықтан әрбір жаңа шығарма қоғамның рухани дамуына ықпал етуі тиіс. Ол авторға шығармашылық табыс тілеп, романның оқырман жүрегінен орын табатынына сенім білдірді.

«Қазақстан КВН одағының» президенті Есентүгел Елеукен өз кезегінде жастардың кітапқа қызықпайтыны туралы қалыптасқан «қасаң» пікірді жоққа шығарды. Оның пайымдауынша, мәселе жастардың құлықсыздығында емес, оларға ұсынылып жатқан дүниелердің сапасы мен мазмұнында жатыр. Егер шығарма бүгінгі заманның тынысын дөп басып, өмірдің өзіндей шынайы әрі қызықты жазылса, жастар оны міндетті түрде оқитынына сенімді. Ол бүгінгі қазақ әдебиетіндегі басты олқылықтың бірін атап өтті, бұл - «қала қазағы» бейнесінің жеткіліксіздігі. Бұрынғы әдебиет негізінен ауыл тіршілігіне сүйенсе, қазіргі урбанизацияланған ортадағы қазақ жастарының ішкі психологиясы мен өмір салты әлі де толық ашылмай келеді. Ол жазушыларды дәл осы қалалық орта мен ұлттық болмыс тоғысқан күрделі кеңістікті зерттеуге шақыра отырып, жазушыға сауал тастады.

«Бүгінгі таңда бізді ойландыратын бір маңызды мәселе бар. Ауылда өскен балалардың жанында ата-әжесі жүреді, олар үлкендердің тәрбиесін көріп, қазақы құндылықтарды табиғи түрде бойына сіңіріп өседі. Ал қаланың балаларында мұндай мүмкіндік бола бермейді.

Сондықтан қала жастарына ұлттық болмысты, қазақылықты жеткізетін сапалы шығармалар өте қажет. Дәл қазіргі уақытта «қала қазағының» өмірін, оның ішкі психологиясы мен өзіндік ортасын ашатын кітаптарға қаншалықты көңіл бөліп жүрміз? Жазушыларымыз осы бағытты зерттеп, қалалық ортадағы қазақ бейнесін сомдауға бет бұрып жатыр ма? Мені осы сұрақ мазалайды», - деді ол.

Ерлан Ахмеди Есентүгел Елеукеннің сұрағына жауап бере отырып, қала қазағының тақырыбы бүгінгі әдебиеттегі маңызды бағыт екенін жеткізді. Оның ойынша, қаладағы қазақтың ішкі дүниесі мен құндылықтарын кітапқа арқау ету оңай шаруа емес. Бұл тақырыпқа келгенде жазушының өзі де қатты толғанып, үлкен жауапкершілік сезінеді.

«Сіз өте маңызды мәселені қозғап отырсыз. Шынында да, қала қазағының ішкі дүниесі мен рухани әлемі - бүгінгі әдебиетіміз үшін ең өзекті тақырыптың бірі. Бұл туралы мен де жиі толғанамын. Шынымды айтсам, кейде осы тақырыпқа баруға жүрексінетін кездерім болады. «Дұрыс жазып жатырмын ба, әріптестерімнің көңіліне тиіп кетпеймін бе?» деген ішкі күмән мені де мазалайды. Бірақ бұл айналып өтуге болмайтын тақырып.

Бүгінгі қалада өсіп жатқан қазақ баласының өмірі мен тәрбиесі әдебиетте әлі де толық ашылмай жатыр. Сондықтан мен де өз шығармамда осы бағытта бір қадам жасап көрдім. Роман оқиғасын Көкшетау қаласында өрбітіп, «қала қазағының» нақты типін көрсетуге тырыстым. Менің кейіпкерім - ұлттық болмыс пен заманауи қала өмірінің арасында қалған, ішкі дүниесі күрделі тұлға. Осы қайшылық арқылы бүгінгі адамның шынайы күйін ашқым келді.

Тағы айта кететін жайт, кейде бізде сын айтылса, жас авторды қолдаудың орнына, оның бетін қайтарып тастайтын кездер болады. Бір-екі теріс пікірден соң оқырман да, ол шығармадан суып қалады. Сондықтан, егер аға буын, сыншылар мен бүкіл әдеби орта бірігіп жастарды демейтін болса, қазақ әдебиетінде жаңа әрі сапалы толқын қалыптасатынына сенемін. Қазір соған нағыз мүмкіндік туып тұр», - дейді ол.

Шара соңында қатысушылар қазіргі қазақ әдебиетінің даму бағыты, оқырман сұранысы және жаңа буын қаламгерлерінің рөлі туралы пікір алмасып, кітап оқу мәдениетін ілгерілету бағытындағы бастамалардың маңызын атап өтті. Кездесу барысында көтерілген ойлар мен ұсыныстар әдебиет пен қоғам арасындағы байланысты нығайту, әсіресе жастардың кітапқа қызығушылығын арттыру жолында мұндай алаңдардың қажеттігін көрсетті. Қатысушылар «Ойлан, Қазақ» романы бүгінгі оқырманға ой салып, рухани ізденіске жетелейтін шығарма ретінде өз бағасын алады деген пікір білдірді.