Бозбаланың суицид жасауына себеп болған: Жамбыл облысында «авторитет» бірнеше жылға сотталып кетті

Қайғылы оқиға өткен жылдың сәуір айында болған

Бозбаланың суицид жасауына себеп болған: Жамбыл облысында «авторитет» бірнеше жылға сотталып кетті
Фото: depositphotos.com

Жамбыл облысында 9-сынып оқушысын өзіне-өзі өлтіруге дейін жеткізу ісі бойынша үш адам сот үкімімен бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Өткен жылдың сәуір айында Жамбыл ауданының Тастөбе ауылында 9-сынып оқушысы өз үйінің ауласындағы сарайда асылып, өзіне-өзі қол жұмсаған.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 105-бабы 3-бөлігімен (өзіне-өзі өлтіруге дейін жеткізу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Тергеп-тексеру нәтижесінде аталған ауылдың 22 жастағы тұрғыны, сондай-ақ 10-11 сыныптың екі оқушысы күдікті ретінде танылды.

«Жүргізілген тергеу 7-11 сынып оқушылары арасында «бейресми көшбасшылардың» және «көшелік ұғыммен өмір сүру» тәртібінің қалыптасуы бар екенін, бұл кей жағдайда жастар арасында қалыпты жағдай ретінде қабылданатынын көрсетті. Қайғылы оқиғаның себептері ретінде «үлкендер» тарапынан жүйелі түрде қорқыту, психологиялық қысым көрсету және еңбекке мәжбүрлеу фактілері анықталды. Атап айтқанда, қайғылы оқиғаға дейінгі соңғы күндері кәмелетке толмаған жасөспірім жастар арасында «авторитет» ретінде танылған жоғарыда көрсетілген азаматтың үйінде мәжбүрлі түрде құрылыс жұмысын орындаған», – делінген прокуратура хабарламасында.

Тергеп-тексеру нәтижесімен 2025 жылғы 5 қыркүйекте қылмыстық іс сотқа жолданды.

Сот талқылауы барысында сотталушылардың кінәсі толық дәлелденіп, Жамбыл облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2026 жылғы 16 сәуірдегі үкімімен олар кәмелетке толмағанды өзіне-өзі өлтіруге дейін жеткізгені үшін кінәлі деп танылды.

Негізгі орындаушыға 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалса, ал оның кәмелетке толмаған екі сыбайласының әрқайсысына 5 жылдан бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.