Жетісу облысында заңды аттап өткен әкім қатаң жазаланды

Ол заң талаптарын елеусіз қалдырған

Жетісу облысында заңды аттап өткен әкім қатаң жазаланды
Фото: istockphoto.com

Жетісу облысында ауыл әкімі қатаң түрде жазаланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жетісу облысының прокуратурасы міндеттемелерді жоспарсыз орындау және мемлекеттік ресурстарды мақсатсыз пайдалану фактілерінің жолын кесе отырып, бюджет қаражатын қорғау және мемлекеттік сатып алу саласында заңдылықты қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда.

Талдау барысында Қаратал ауданының прокуратурасы әлеуметтік жобаларды іске асыру кезінде өрескел бұзушылықтарды анықтады. Ауылдық округтердің біріндегі «Балалар ойын алаңы» нысаны іс жүзінде орындалған жұмыстардың бекітілген техникалық сипаттамаларға анық сәйкес келмеуіне қарамастан, пайдалануға қабылданғаны анықталды.

Сонымен қатар, тапсырыс беруші жұмыстарды орындаудың белгіленген мерзімдерін бұзған жосықсыз мердігермен шартты бұзу туралы заң талаптарын елеусіз қалдырған.

«Прокурорлық қадағалау актісі бойынша ауылдық округ әкімі мемлекеттік қызметтің беделін түсіргені үшін қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Оған қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту берілді. Сондай-ақ 60 АЕК (129 750 теңге) мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды. Қазіргі уақытта мердігер ұйым нысандағы анықталған ақауларды жоюға кірісті. Жетісу облысының прокуратурасы мемлекеттік сектордың ашықтығын қамтамасыз ету және мемлекеттің экономикалық мүдделерін қорғау бағытындағы жұмысты жалғастыруда», – делінген прокуратура хабарламасында.