Ауылға серпін берген AMANAT жобасы: Айша бибідегі жерасты жылыжайының табысты тәжірибесі

Кәсіпкер «Ауыл аманаты» жобасының аясында 8,6 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, өңірде алғашқылардың бірі болып жерасты жылыжайын салды

Ауылға серпін берген AMANAT жобасы: Айша бибідегі жерасты жылыжайының табысты тәжірибесі
Фото: «AMANAT» партиясы

Жамбыл облысы Айша бибі ауылында бұрын сырттан тасымалданатын гүлдер бүгінде жергілікті жерде өсіріліп, нарыққа шығарыла бастады. Ауыл тұрғыны қолға алған жерасты жылыжай тек бір кәсіптің емес, тұтас бір нарықтың қалыптасуына жол ашты. Бұл – «AMANAT» партиясы «Ауыл аманаты» жобасының нақты нәтижесі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 

Кәсіпкер Әбдіғали Жағабеков аталған жоба аясында 8,6 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, өңірде алғашқылардың бірі болып жерасты жылыжайын салды. 6 соттық аумақта орналасқан жылыжайда бүгінде гүлдің сан түрі өсірілуде, сонымен қатар көкөніс өндірісі де жолға қойылған. Соның нәтижесінде кәсіпкер табысын арттырып, өнім көлемін ұлғайтып отыр. 

Жобаның тиімділігі – оның технологиялық ерекшелігінде. Жерасты жылыжайы жылуды ұзақ сақтайтындықтан, шығын айтарлықтай аз болады. Ал жаз мезгілінде онда ішкі температураның қалыпты болуы өнім сапасына оң әсерін тигізеді. Бұл өз кезегінде өсімдіктің өзіндік құнын төмендетіп, оны нарыққа қолжетімді бағада ұсынуға мүмкіндік беруде. 

«Мен агроном болғандықтан, жобаның мүмкіндігін тиімді пайдалануды көздедім. 8,6 миллион теңге несие алып, осы жылыжайды салдым. Алғашында газания, петуния, бархат, лалагүл сияқты гүлдерді өсіріп, нарыққа шығардым. Қазір гүлмен қатар қызанақ, қияр, кәді егіп, өнім көлемін арттырып жатырмын», – дейді кәсіпкер.

Оның айтуынша, өңірде көгалдандыру үшін қажетті гүлдердің басым бөлігі бұрын сырттан тасымалданған. Сондықтан ол жергілікті нарықты өз өнімдерімен қамтамасыз етуді мақсат еткен. Бүгінде оның еңбегі ақталып, ауыл тұрғындары сапалы әрі қолжетімді гүлдермен қамтамасыз етіліп отыр.

Жамбыл аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бауыржан Тоқтасыновтың мәліметінше, «Ауыл аманаты» жобасы аудан көлемінде қарқынды жүзеге асуда. Соңғы екі жылда 100-ден астам жоба ұсынылып, оның басым бөлігі кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы саласына бағытталған. Нәтижесінде жылыжайлар саны артып, тігін цехтары, сұлулық салондары, жиһаз өндірісі мен медициналық қызмет көрсету орындары ашылды.

«Бұл – ауылдағы ағайынға берілген үлкен мүмкіндік. Ең бастысы – ниет пен еңбек болса, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау жетерлік. Айша бибі ауылындағы жерасты жылыжайы соның нақты дәлелі», – деді бөлім басшысы.