Тоқаев Есмұхан Обаевтың отбасына көңіл айтты
Ақорда арнайы хабарлама жариялады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның халық әртісі Есмұхан Обаевтың отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Президент көрнекті өнер қайраткері, режиссер-сценарист, І дәрежелі «Барыс» және «Парасат» ордендерінің иегері Есмұхан Обаевтың дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты.
«Есмұхан Несіпбайұлы саналы ғұмырын киелі сахнаға арнаған театр тарланы, өнегелі өнер иесі еді. Ұлт руханиятын ұлықтап, отандық драматургияның дамуына зор үлес қосты. Жауапты лауазымдарды абыроймен атқарып, мәдениет көкжиегін кеңейтуге бар күш-жігерін жұмсады», – деп жазылған жеделхатта.
Айта кетейік, осыған дейін Қазақстанның халық әртісі, театр режиссері, профессор, платиналы «Тарлан» тәуелсіз сыйлығының, «Парасат» және «Барыс» ордендерінің иегері, мемлекеттік стипендияның лауреаты Есмұхан Несіпбайұлы Обаев дүние салғаны хабарланған.