Оқушыларға қауіп төнбегенімен, оқиға құқық қорғау органдарының бақылауына алынды.
Елордадағы мектептердің бірінде жоғары сынып оқушысы бұрын осы оқу орнында оқыған таныс қызбен бірге сыныптардың біріне газ баллонын шашқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полиция мәліметінше, оқиға бұзақылық ниетпен жасалған. Сол сәтте сыныпта болған оқушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнбеген. Құқық бұзушылыққа қатысы бар кәмелетке толмағандардың жеке басы анықталып, олардың әрекеттеріне заң аясында баға берілген.
Тексеру барысында газ баллонын қолданған жасөспірімнің бұған дейін де бірнеше рет үйінен себепсіз кетуіне байланысты профилактикалық есепте тұрғаны белгілі болды.
Оқиғадан кейін білім беру мекемесінде профилактикалық кеңес өткізіліп, жасөспірімдермен және олардың заңды өкілдерімен түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылған. Жиналған материалдар кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға жолданып, қосымша шаралар қаралатын болады.
Сонымен қатар ата-аналар балаларын тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылған.
Құқық қорғау органдары мұндай әрекеттерді жай еркелік емес, айналадағы адамдарға қауіп төндіретін қасақана іс ретінде бағалайтынын ескертеді. Осыған байланысты ата-аналарға балалардың мінез-құлқына бейжай қарамау қажеттігі тағы да назарға алынды.