FlyArystan Дубайға ұшатын рейстерді жаз соңына дейін тоқтатты
Ақтау – Дубай бағытындағы ұшулар 29 тамызға дейін тоқтатылды Жолаушыларға толық қайтарым қарастырылған.
FlyArystan әуе компаниясы Таяу Шығыстағы тұрақсыз жағдайға байланысты Ақтау – Дубай – Ақтау бағыты бойынша рейстерді 2026 жылғы 29 тамызға дейін тоқтатты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әуе тасымалдаушысының мәліметінше, аталған шешім қауіпсіздік ахуалына байланысты қабылданған. Осы бағыттағы барлық рейстер уақытша кестеден алынып тасталды.
Компания өкілдерінің хабарлауынша, күші жойылған рейстердің жолаушыларына билет құны толық көлемде айыппұлсыз қайтарылады. Қаражатты қайтару рәсімі билетті қай жерде рәсімдегеніне қарай жүргізіледі.
Ресми сайт немесе мобильді қосымша арқылы билет алған жолаушылар броньға өзгерістерді өз бетінше онлайн енгізе алады. Ал туристік агенттіктер мен өзге де сату арналары арқылы алынған билеттер бойынша жолаушылар сол орындарға жүгінуі қажет.
FlyArystan мәліметінше, бағыттағы рейстер қауіпсіздік жағдайы тұрақталғаннан кейін қайта қалпына келтіріледі.