Заң бұзды деген күдікпен Атырау полициясының басшысы қамауға алынды

Ішкі істер министрлігінің тексеруі заң бұзушылықтарды анықтады.

Заң бұзды деген күдікпен Атырау полициясының басшысы қамауға алынды
Фото: Azattyq Ruhy / Әсет Құндақбаев

Атырау қаласы Полиция басқармасының бастығы қызметінен босатылып, қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ведомстволық тексеру барысында аталған лауазымды тұлғаның заң талаптарына қайшы әрекеттерге барғаны анықталған. Соның негізінде ол ішкі істер органдарынан теріс себептермен жұмыстан шығарылып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.

ҚР Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталған. Тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жарияланбай отыр.

Министрлік қабылданған шешімдер заңдылықты қатаң сақтау қағидатына сәйкес жүзеге асқанын атап өтті. Ведомство қызметтік тәртіп пен заң талаптарын бұзған кез келген тұлға, атқарып отырған лауазымына қарамастан, міндетті түрде жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді.