Жұманғарин Вашингтонда жаңа инвестицияның есігін ашты

Қазақстан мен Дүниежүзілік банк инфрақұрылымдық жобаларды кеңейтуге келісті

Жұманғарин Вашингтонда жаңа инвестицияның есігін ашты
Фото: primeminister.kz

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин АҚШ-қа жұмыс сапары аясында Дүниежүзілік банк өкілдерімен кездесіп, жаңа инвестициялық бағыттарды талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кездесу Вашингтонда өтіп, оған Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия өңірі бойынша вице-президенті Антонелла Бассани және ұйымның басқа да өкілдері қатысты. Тараптар Қазақстан мен банк арасындағы көпжылдық әріптестіктің нәтижелерін саралап, алдағы кезеңдегі бірлескен жобалардың ауқымын кеңейтуге мүдделі екенін білдірді.

Ұлттық экономика министрлігі мәліметінше, Қазақстан мен Дүниежүзілік банк арасындағы ынтымақтастық сенім мен кәсібилікке негізделген стратегиялық серіктестік деңгейіне жеткен. 1993–2026 жылдар аралығында көлік, білім беру, экология, «жасыл» технологиялар және цифрландыру салаларында $8 млрд-тан асатын қаржыға 50-ден астам жоба жүзеге асырылған.

Кездесу барысында тараптар алдағы мамыр айында қаралатын инфрақұрылымдық инвестициялық бағдарламаны да талқылады. Бұл бастама Қазақстанның инвестициялық әлеуетін халықаралық деңгейде таныстыруға бағытталған ірі жобалардың бірі ретінде қарастырылып отыр.

Жұманғариннің айтуынша, Қазақстан халықаралық қаржы институттарымен ынтымақтастықты тереңдету арқылы экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз етуге ниетті. Тараптар жаңа жобаларды іске қосу мен қолданыстағы бастамаларды кеңейту бағытында жұмысты жалғастыруға уағдаласты.