Колонияға жасырын интернет жеткізбек болған әрекет әшкереленді

Автор: Мөлдір Қазыбай

Абай облысында сотталғанға арналған сәлемдемеден Wi-Fi-роутер табылды

Фото: istockphoto.com

Абай облысындағы жоғары қауіпсіздік колониясына тыйым салынған құрылғыны жеткізу әрекеті тоқтатылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, мекемеге түскен пошта жөнелтілімдері рентген арқылы тексерілген. Тексеру барысында қызметкерлер күмән тудырған сәлемдемені анықтап, оны ашу кезінде құрылғының киімнің ішіне жасырылғанын байқаған.

Нәтижесінде екі антеннасы бар Wi-Fi-роутер табылып, бірден тәркіленген. Сәлемдеменің ұрлық жасағаны үшін жаза өтеп жатқан 37 жастағы сотталғанға арналғаны белгілі болды.

Департамент өкілдерінің мәліметінше, мұндай заңсыз әрекеттер заманауи бақылау құралдары мен қызметкерлердің үйлесімді жұмысының арқасында дер кезінде анықталып отыр. Тыйым салынған заттарды жеткізуге тырысқан барлық жағдайға құқықтық баға беріліп, кінәлілер заң аясында жауапкершілікке тартылады.