Қарағандыда қарттарды торға түсірген алаяқ ұсталды
Күдікті зейнеткерлердің сеніміне кіріп, ақшасын жымқырған
Қарағандыда зейнеткерлерді алдап, қаражатынан айырған күдікті қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полиция мәліметінше, 50 жастағы ер адам қарт адамдарды нысанаға алып, алдын ала ойластырылған схема бойынша әрекет еткен. Ол түрлі сылтаумен зейнеткерлердің үйіне кіріп, сеніміне кірген соң, олардың жинаған қаражатының қайда сақталғанын біліп отырған. Ыңғайлы сәтті күтіп, ақшаны қолды қылып, ізін жасырған.
Алданғандардың бірі – 83 жастағы Қарағанды тұрғыны. Ол полицияға жүгініп, күдіктінің сырт келбетін нақты сипаттап берген. Бұл деректер жедел-іздестіру шараларын жедел жүргізуге мүмкіндік берген.
Қазыбек би атындағы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері көп ұзамай күдіктіні анықтап, ұстады. Тергеу барысында ол тек осы зейнеткердің ақшасын ұрлағанын ғана емес, тағы бір ұқсас қылмысқа қатысы бар екенін де мойындаған. Жәбірленушілердің оны тануы істегі дәлелдерді күшейтті.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Полиция күдіктінің осыған ұқсас басқа да деректерге қатысы бар-жоғын тексеруде.