Алматыда әлемдік деңгейдегі балалардың ғылыми музейі ашылады
Бұл музей Орталық Азиядағы алғашқы әлемдік деңгейдегі балалар ғылыми орталығы болмақ
Сингапурда Қазақстанның Сингапурдағы елшілігінің, Алматы қаласының Балалар ғылыми музейі (ACSM), Science Centre Singapore және Kingsmen Creatives Ltd өкілдері кездесу өткізді,деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кездесу барысында тараптар халықаралық серіктестік мәртебесін растады және Алматыдағы Балалар ғылыми музейін ашуға дайындықтың негізгі кезеңдерін талқылады.
Алматы қаласындағы Балалардың ғылыми музейі Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында салынып жатыр. Бұл музей Орталық Азиядағы алғашқы әлемдік деңгейдегі балалар ғылыми орталығы болмақ және 2026 жылы ашылады.
Кездесу барысында Science Centre Singapore тарапынан ACSM-ге франшиза мен зияткерлік құқықтарды беру, білім беру контентін дайындау және музей қызметкерлерін халықаралық стандарттарға сай оқыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Ресми кездесуді Қазақстанның Сингапурдағы елшісі Асқар Кұттықадам ашып, жобаның мемлекеттік маңызы мен Қазақстан мен Сингапур арасындағы білім және ғылым саласындағы стратегиялық серіктестіктің маңызын атап өтті.
«Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды жасанды интеллект және цифрлық даму жылы деп жариялады. Цифрлық даму – еліміздің экономикалық саясатының негізгі бағыттарының бірі. Мемлекет балалардың жан-жақты дамуына ерекше көңіл бөледі. Осы екі басымдықтың тоғысында Алматы қаласының Балалар ғылыми музейі салынып жатыр және ол қазір қорытынды кезеңге жақындады. Бұл тәжірибе өз жалғасын тауып, еліміздің басқа өңірлерінде де осындай орталықтар ашылады деп сенеміз», – деді Асқар Құттықадам.
Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі және ACSM жобасының жетекшісі Майра Турганова жобаның қазіргі жүзеге асырылу барысын таныстырып, оның ғылым мен білімді дамытудағы ұлттық күн тәртібіндегі орнын атап өтті. Қазіргі таңда музейдің Science Hub галереялары мен зертханалары үшін 130-дан астам білім беру бағдарламасы әзірленген.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы наурыздағы сөзінде ғылымды дамыту мен зерттеушілік ойлауды ерте жастан қалыптастырудың стратегиялық маңызын атап өтті. Жоба Алматы қаласы әкімдігінің толық қолдауымен жүзеге асуда. Бұл қала үшін ғылым, білім және инновацияларды дамыту – басты басымдықтардың бірі. Балалар ғылыми музейі балаларды ғылымға ерте жастан тартатын және елдің адами капиталын сапалы дамытуға ықпал ететін алаңға айналады. Science Centre Singapore-пен серіктестік аясында музейге білім беру бағдарламаларына арналған франшиза мен зияткерлік құқықтар берілді. Әрбір экспозиция сингапурлық серіктестермен бірлесіп әзірленіп, ұлттық ерекшеліктерге бейімделген – Арал теңізінен бастап киіз үйдің ғылыми құрылымына дейін қамтылады», – деді Майра Тұрғанова.
Science Centre Singapore – 49 жылдық тарихы бар, жыл сайын 1 миллионнан астам адам келетін әлемдегі жетекші ғылыми-білім беру орталықтарының бірі. Орталықтың KidsSTOP атты балаларға арналған ғылыми кеңістігі ACSM жобасына үлгі болды.
«Алматыда Science Centre Singapore брендін таныстыру біз үшін үлкен қуаныш. Бұл – ғылыми сауаттылықты жаһандық деңгейде дамытуға қосқан үлесіміз. Біз өз тәжірибемізбен және білім беру әдістерімізбен бөлісе отырып, Қазақстанның жас буынына ойын арқылы білім алатын, қызығушылықты арттыратын заманауи орта ұсынғымыз келеді», – деді Singapore Science Centre Global бас директоры Эндрю Тан.
Kingsmen Creatives Ltd – 50 жылдық тарихы бар, әлемнің 20 елінде жұмыс істейтін сингапурлық компания. Компания Universal Studios Beijing, Shanghai Disneyland, KidZania Singapore және Азия өркениеттері музейі сияқты ірі жобаларды жүзеге асырған. ACSM – Kingsmen компаниясының Орталық Азиядағы алғашқы музейлік жобасы.
«Алматыдағы Балалар ғылыми музейін құруға қатысу – біз үшін үлкен мүмкіндік. Біз бұған дейін Азияда осындай жобаларды жүзеге асырғанбыз, бірақ Орталық Азияда алғаш рет жұмыс істеп отырмыз. Қазақстандағы алғашқы жобамызда елдің мәдени ерекшелігін барынша көрсетуге тырыстық. Бұл – интерактивті, иммерсивті әрі білім беретін кеңістік болады. Ол халықаралық жобаларды басқарудың үздік үлгісіне айналады деп сенеміз», – деді Kingsmen Creatives Ltd компаниясының бас директоры Энтони Чонг.