Алматыда кене шағып алғандардың саны көбейіп жатыр

Автор: Асқарова Қарлығаш

Күн жылынғаннан бері қала бойынша 334 адам медициналық көмекке жүгінген

Фото: pixabay.com

Күн жылынғаннан бері Алматыда кене шақты деп дәрігерлерге 334 адам жүгінген, оның жартысы –14 жасқа толмаған балалар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Дәрігерлер шағымданып келген адамдардың бәрін тексерген, ал кейбіріне кене уына қарсы иммуноглобулин салған. Олардың арасында кенеден ауру жұқтырғандар тіркелген жоқ.  

 «Барлық зардап шеккендерге уақытылы көмек көрсеттік: қажет болған жағдайда кенеге қарсы иммуноглобулин енгіздік.  Ауру жұқтыру жағдайлары тіркелген жоқ. Алайда мамандар босаңсуға әлі ерте екенін, алда маусымның ең қауіпті кезеңі келе жатқанын ескертеді. Бұл кезде инфекция жұқтыру қаупі айтарлықтай артады», — деді Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова.

Белгілі болғандай, Алматы қаласы мен оның маңайы кене арқылы таралатын инфекциялар бойынша эндемиялық аймаққа жатады. Бұл жерде адам үшін қауіпті ауруларды тасымалдаушы кенелер түрі – иксодты кенелер мекендейді.

Департамент өкілінің айтуынша, бұл паразиттер ерте көктемде шығып, күзге дейін тіршілік етеді. Алайда ең қауіпті кезең – көктем мезгілі. Сәуір мен маусым аралығында кенелер ерекше белсенді болады, ал қалыпты жылу мен жоғары ылғалдылық олардың кең таралуына қолайлы жағдай жасайды.