Қазақстанда инфляция көлемі наурызда 11% болған

Автор: Аягөз Құрмаш

Оған азық-түлік бағасы әсер еткен

Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары Ерұлан Жамаубаев  наурызда жылдық инфляция төмендеп, 11% деңгейінде қалыптасқанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Азық-түлік тауарлары бағасының өсуі ең көп үлес қосты. Кейбір тамақ өнімдерінің әлемдегі жоғары бағасына және ішкі өндірістегі шығынның өсуіне байланысты жылдық көрсеткіш 11,7%–ті құрап отыр. Азық-түлікке жатпайтын инфляция – 11,3%, ақылы көрсетілетін қызмет инфляциясы – 10%.2025 жылғы қазаннан бастап жылдық инфляцияның баяулауы байыпты қатаң ақша-кредит саясатына, теңге бағамының нығаюына, сондай-ақ үкіметтің дағдарысқа қарсы шараларына, атап айтқанда, тұрғын үй-коммуналдық қызметтер тарифі мен жанар-жағармай құнының көтерілуіне қойылған мораторийге байланысты болды», - деді ол.

Жамаубаев атағандай, 2026 жылғы 6 наурызда Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады.

«Бұл шешім алтын-валюта операцияларын теңестірумен, ең төмен резервтік талаптарды қайта қараумен, макропруденциялық шараларды, сондай-ақ Үкіметпен бірге инфляцияға қарсы кешенді шараларды қабылдаумен қатар бағалардың өсуін тежеуге ықпал етеді», - деді Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары үкімет отырысында.