Астанада жүк көлігінің жүргізушілері мен бір кәсіпкер қамауға алынды

Астанада «Таза Қазақстан» акциясы барысында үш жүк көлігінің жүргізушісі қамауға алынды

Астанада жүк көлігінің жүргізушілері мен бір кәсіпкер қамауға алынды
Фото: Видеодан скрин

Астанада полицейлердің талаптарына бағынудан бас тартқан үш жүк көлігінің жүргізушісі және бір кәсіпкер қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Елордада құрылыс қалдықтарын заңсыз төгу фактілерін анықтау және жолын кесу бойынша жүйелі жұмыстар жалғасуда. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында полиция қызметкерлері құқық қорғау органдарының заңды талаптарын елемеу жағдайларын тіркеді.

Мәселен, қалаға кіреберісте 39 жастағы жүргізуші басқарған HOWO SINOTRUK жүк көлігі тоқтатылды. Полиция қызметкерлерінің талаптарына бағынбай, жол қозғалысын жалғастырған. Түсіндіру жұмысы жүргізілгеніне қарамастан, жүргізуші тағы да талаптарды елемей, жолдың жүріс бөлігіне ұсақ тастарды төгіп, жол қауіпсіздігіне қауіп төндіріп, жол жабынына зиян келтірген. Сот шешімімен оған 18 тәулікке әкімшілік қамау жазасы тағайындалды.

Сонымен қатар түнгі уақытта Астрахань тасжолы маңынан тексеру кезінде екі жүк көлігі тоқтатылды. Жүргізушілер тексерістен өтуден бас тартқан. Көп ұзамай оқиға орнына олардың басшысы – «АРЕ» ЖШС-нің иесі келіп, полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына көмектесудің орнына, әдейі жүргізушілерге тасымалданып жатқан топырақты жолдың үстіне төгу туралы нұсқау берген.

Олардың келісілген әрекеттерінің салдарынан жол инфрақұрылымына зиян келтіріліп, полиция қызметкерлеріне ашық түрде бағынудан бас тартты.

Жүргізушілер жолдар мен жол құрылыстарын бүлдіргені үшін және олар басшысымен бірге полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбағаны үшін де жауапқа тартылды. Сот шешімімен олардың әрқайсысына 15 тәулікке әкімшілік қамау жазасы тағайындалды.

«Астана қаласы Полиция департаменті полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбау – өрескел құқық бұзушылық болып саналатынын және қатаң жауаптылық шаралары көзделгенін ескертеді. Кез келген құқық қорғау органдарының талаптарын елемеуге тосқауыл қойылады», – делінген ПД хабарламасында.

«Таза Қазақстан» акциясының басты мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қала тазалығы мен тәртібін қамтамасыз ету, сондай-ақ азаматтардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру.