Ұлттық қорғаныс университеті 22 ғылыми жобаны жүзеге асырды
Ғылым қызметкерлері күніне орай салтанатты жиын өтті
Еліміздегі Ұлттық қорғаныс университеті әскери ғылымды дамытуда айтарлықтай жетістіктерге жетті. Соңғы жылдары оқу орны 1,9 млрд теңге сомасына 22 ғылыми-техникалық жобаны сәтті жүзеге асырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Университет ғалымдарының ең танымал жобаларының бірі — «Шағала» атты пилотсыз ұшу құрылғысы. Бұдан бөлек, инженерлік әскерлердің қару-жарағына жаңартылған минадан тазарту қондырғысы қабылданған.
Ғылым қызметкерлері күніне орай өткен салтанатты жиында ЖОО басшылығы қолданбалы ғылымның басым бағыт екенін атап өтті.
«Әскери ғылым – ел қауіпсіздігінің сенімді қалқаны. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында отандық әскери ғылым жаңа деңгейге көтеріліп келеді», — деді генерал-майор Бауыржан Әбжанов.
Қазіргі уақытта университетте білікті мамандардың үлкен тобы қалыптасқан. Ғылыми корпус құрамында:
- 5 ғылым докторы;
- 24 ғылым кандидаты;
- 57 PhD докторы жұмыс істейді.
2018–2025 жылдар аралығындағы жобалар гранттық және бағдарламалық қаржыландыру аясында іске асырылды. Ғалымдар нақты техникалық құрылғылардан бөлек, барлау-соққы беру кешендерін қолдану бойынша да маңызды зерттеулер жүргізуде.
Шара барысында әскери білім мен ғылымды дамытуға үлес қосқан қызметкерлер мен ардагерлер алғыс хаттармен марапатталды. Жиын соңы Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың ансамблі мен «Күмбір» триосының қатысуымен өткен концерттік бағдарламаға ұласты.