Қазақстан күткен сәт: «Сұңқар» зымыраны сәуірде алғаш рет ұшырылады

Ұшыру уақыты техникалық себептерге байланысты бірнеше мәрте қайта қаралған

Қазақстан күткен сәт: «Сұңқар» зымыраны сәуірде алғаш рет ұшырылады
Фото: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

«Сұңқар» («Союз-5») зымыран тасығышының Байқоңыр ғарыш айлағынан алғашқы сынақ ұшырылымы 13–16 сәуір күндері аралығына жоспарланып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ғарыш айлағындағы дереккөздің айтуынша, ұшыру күнінің кейінге шегерілуіне старт алаңындағы жабдықтар мен зымыран жүйелерін қосымша тексеру қажеттілігі себеп болған. Барлық жұмыс толық аяқталғаннан кейін нақты күнді Мемлекеттік комиссия бекітеді.

Бастапқы жоспар бойынша ұшырылым наурыздың соңында өтуі тиіс еді. Алайда техникалық себептерге байланысты мерзім бірнеше рет өзгерген.

Қазіргі уақытта зымыран старттық кешенге толық орнатылған. Бұл жоба Қазақстан мен Ресейдің экологиялық тұрғыдан таза отын пайдаланатын ғарыштық зымыран кешенін құруға бағытталған Бәйтерек бастамасы аясында жүзеге асырылып жатыр.

«Союз-5» – төменгі Жер орбитасына 17,4 тоннаға дейін жүк шығара алатын орта класты екі сатылы зымыран. Оның отыны ретінде нафтил мен сұйық оттегі қолданылады.