Ауыр хәлде: Мұхтар Шаханов жансақтау бөлімінде жатыр
Қор өкілдері ақынның жағдайына байланысты халықтан қолдау сұрады
Көрнекті қазақ ақыны, жазушысы және қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов жансақтау бөліміне жатқызылды. Бұл туралы Мұхтар Шаханов қорының төрағасы Нұржігіт Ысқақ мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Белгілі тұлғаның денсаулығы күрт нашарлауына байланысты Нұржігіт Ысқақ қазақстандықтарды ақсақалға қолдау білдіріп, оның тезірек сауығып кетуі үшін дұға етуге шақырды.
«Бүгін ардақты ақсақалымыз 84 жасқа келді. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта денсаулығы сыр беріп, жансақтау бөлімінде жатыр. Сондықтан, қадірлі ағайын, оның тезірек сауығып, ортамызға оралуы үшін дұғада болуға шақырамын», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ ол отандастарына арнаған үндеуінде ақынның ел тарихы мен тұтас түркі дүниесіндегі айрықша орнын ерекше атап өтті. Оның ұлт алдындағы еңбегі мен мәдениетті дамытуға қосқан үлесі өлшеусіз екенін жеткізді.