«Жалақысы 120 мың теңге»: Шавкат Рахмоновтың жұбайы ел күтпеген мәлімдеме жасады

Автор: Алмас Ерсін

UFC жұлдызының жары чемпиондық жолдың тасасында қалған қиын жылдарды еске алды

Фото: instagram.com/kerey_khan03

Қазақстандық UFC жұлдызы Шавкат Рахмоновтың жары Гүлайым Instagram-дағы жазбасында спортшының ММА-дағы алғашқы жылдары, ауыр жарақаттар мен отбасының бірге өткерген қиын кезеңдері туралы әсерлі естелікпен бөлісті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, бүгінде әлемдік деңгейге көтерілген спортшының жолы оңай болмаған. Гүлайым алғашқы жылдары Рахмоновтың айлығы небәрі 120 мың теңге болғанын айтып, сол кездің фотолары ешқандай атақ-даңқ пен мол табысты көрсетпейтінін атап өтті.

«Бұл фотоларда ешқандай атақ та, миллиондаған ақша да жоқ. Шавкаттың сол кездегі жалақысы 120 мың теңге болды. Алғашқы сурет 2017 жылдың қаңтарында түсірілген. Жаңа жылдан кейін аяғынан жарақат алып, МРТ-дан Пришахтинск жақтағы ауруханадан қайтып келе жатқан кезіміз еді. Аяғы ауырса да, өзіміз мәз едік», – деді Гүлайым.

Ол сол жарақаттан кейін Шавкат Рахмоновтің талай белесті бағындырғанын, оған үздіксіз еңбек пен темірдей тәртіп себеп болғанын айтты.

«Бізде бос уақыт деген болмайтын. Тұңғышымыз дүниеге келмей тұрып-ақ күнделікті режим өте қатаң еді – күніне үш мезгіл жаттығу. Үйде де отыра алмайтын, 20–30 минут босаса да, міндетті түрде жаттығатын. Шавкат спорт үшін жаралған адам. Ондай адамдар мыңнан біреу ғана болады», – деп жазды ол.

Гүлайымның сөзінше, UFC-ге шығу екеуінің де ортақ арманы әрі басты мақсаты болған.

«2016 жылдан бастап екеуміз осыны қатты армандадық. Жаз, қыс демей таңғы 5-те тұратынбыз. Ол жүгіруге кетеді, мен таңғы ас дайындаймын. Аптаның алғашқы күнін осылай бастайтынбыз. Демалыс күндері қазақша жазып, оқитынбыз. Кейін UFC-ге автограф қоюға дейін жаттығатынбыз – ертең жанкүйерлерің көбейеді, қолтаңбаң әдемі болуы керек деп айтатынмын», – деді Гүлайым.

Сондай-ақ ол бүгінде Шавкат Рахмоновтің отбасы мен жақындарының жағдайын жасап отырғанына тоқталып, осы жетістіктің артында тынбай еңбек ету жатқанын жеткізді.

«Үй, спорт, отбасы деп осылай тынбай еңбек етіп, қазір бәрінің жағдайын жасап, бір елдің мақтанышына айналды. Осынша жылдың ішінде менің де зор еңбегім бар, оны ешкімге таптатпаймын», – деп түйіндеді ол.

Еске салайық, бұған дейін Шавкат Рахмоновтың жұбайы екі адамның өлімімен аяқталған қайғылы оқиғадан соң шыққан сот үкімінен кейін әлеуметтік желіде эмоцияға толы жазба жариялады.Рахмонова басынан өткен жағдайлар ажырасуға алып келгенін жазып, өзіне және балаларына әділетсіз қарым-қатынас жасалғанын жеткізді.