Шавкат Рахмоновтың жұбайы үкімнен кейін әлеуметтік желіде эмоцияға толы жазба жариялады
Гүлайым Рахмонова жеке басынан өткерген жағдайлар туралы әсерлі пікір білдірді
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмоновтың жұбайы Гүлайым Рахмонова сот үкімі жарияланғаннан кейін әлеуметтік желіде эмоцияға толы жазба жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол бұл жазбаны Instagram-дағы Stories бөлімінде бөлісіп, бірнеше жыл бойы күйеуінің туыстары тарапынан қысым мен қорлық көргенін айтты. Сондай-ақ жұбайы UFC-де табыс таба бастағаннан кейін өзіне деген көзқарас өзгеріп, нашарлағанын мәлімдеді.
Бұдан бөлек, Рахмонова басынан өткен жағдайлар ажырасуға алып келгенін жазып, өзіне және балаларына әділетсіз қарым-қатынас жасалғанын жеткізді.
Бұған дейін Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Гүлайым Рахмонованы жол қозғалысы ережелерін бұзып, абайсызда екі адамның өліміне себепкер болды деп танығанын мәлімдеген болатын.
Сот оған бес жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, жеті жылға көлік басқару құқығынан айырды. Алайда сотталғанның кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты жаза өтеу бес жылға кейінге қалдырылды. Рахмонованың төрт баласы бар. Бұған дейін ол бесінші баласына жүкті екенін де айтқан.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Instagram-дағы жазба осы үкімнің шығуымен қатар, Шавкат Рахмоновпен арадағы ажырасу процесі жүріп жатқан кезеңде жарияланды. Оның айтуынша, бұл процесс жол-көлік оқиғасына байланысты іс бойынша тергеу жүріп жатқан кезде басталған.
Еске салайық, жол апаты 2025 жылғы 27 шілде күні таңғы сағат 08:30 шамасында болған. Рахмонова Toyota Land Cruiser автокөлігін жүргізіп келе жатып, Жамбыл облысының Мойынқұм ауданындағы Алматы – Екатеринбург тасжолында басқаруды жоғалтып, қарсы жолаққа шығып кеткен. Салдарынан көлік аударылған.
Апат нәтижесінде көліктегі екі жолаушы – айыпталушының құрбысы мен сіңлісі алған жарақаттарынан көз жұмды. Ал Рахмонованың өзі мен ұлы ауруханаға жеткізілді.