Оңтүстік Корея Таяу Шығыстағы қақтығысқа байланысты мұнайды Қазақстаннан сатып алуды жоспарлап отыр

Оңтүстік Корея президенті әкімшілігінің басшысы Канг Хун Сик Қазақстанға келеді

Оңтүстік Корея Таяу Шығыстағы қақтығысқа байланысты мұнайды Қазақстаннан сатып алуды жоспарлап отыр
Фото: istockphoto.com

Оңтүстік Корея президенті әкімшілігінің басшысы Канг Хун Сик Қазақстанға сапармен келеді. Астанада оңтүстіккореялық өкіл шикі мұнай өнімдерін жеткізу бойынша ұзақ мерзімді келісімшарттар жасауға ниетті. Қазақстаннан бөлек, сапар бағдарламасына Оман мен Сауд Арабиясы да енгізілген. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі The Korea Herald басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Канг Хун Сик Астанаға президент Ли Чжэ Мённің арнайы өкілі ретінде келеді. Келіссөздер барысында ол үкімет өкілдерімен, мұнай компанияларымен және кеме операторларымен кездесіп, жанармай жеткізудің балама арналары бойынша уағдаластыққа қол жеткізуді көздейді.

Оңтүстік Корея мұнай импортының 61%-ын Ормуз бұғазы арқылы алады. Алайда Иранмен жалғасып жатқан қақтығысқа байланысты бұл бағыттағы транзит айтарлықтай қиындаған. Иран мемлекеттерді «бейтарап», «достас» және «дұшпан» деп бөліп, соңғы санаттағы елдер үшін бұғаз арқылы өтуге тыйым салған. Бұған дейін осы бағыт арқылы әлемдік мұнай саудасының шамамен 20%-ы жүзеге асырылатын.

Наурыз айында Сеул Біріккен Араб Әмірліктерінен 24 миллион баррель мұнай жеткізу туралы келісімге қол жеткізгенімен, қазір ел тұрақты әрі ұзақ мерзімді жеткізілімдерді қамтамасыз етуге басымдық беріп отыр.

Ел ішінде энергияны үнемдеу шаралары да енгізілуде – отынды үнемдеуге халық пен бизнес өкілдері шақырылған.

Энергетикалық дағдарыс Еуропаны да қамтыды. Еуропалық басылымдардың мәліметінше, Брюссель кондиционерлердің температуралық режимін қатаңдатуды, қашықтан жұмыс істеуді ынталандыруды, отынды нормалауды және әуе рейстерін шектеуді қарастыруда. Наурыз айының басынан бері Еуропада бензин бағасы 70%-ға өскен.