«Біреулер ыстықтайды, ал біреулер тоңады»: вице-министр жылу беру маусымының қашан тоқтайтынын айтты
Жылу беру уақыты тәртіп бойынша өшеді
Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов үкіметте өткен брифингте жылыту маусымының аяқталуына қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Жылыту маусымын аяқтау мәселесі жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жатады. Бұл шешім тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында көп жылдан бері қалыптасқан ережелерге сәйкес қабылданады. Атап айтқанда, орташа тәуліктік температура бірнеше күн қатарынан +8°C-тан жоғары болған жағдайда, әкімдік жылытуды өшіру туралы шешім қабылдайды. Сонымен қатар, тұрғындардың пікірлері әртүрлі: біреулер ыстықтаса, біреулер тоңады. Сондықтан қолданыстағы ережелерді сақтау маңызды», - деді Есімханов.
Вице-министр атағандай, қазіргі таңда көпқабатты үйлердің басым бөлігінде жалпыүйлік жылу есептегіш құралдар мен автоматтандырылған жылу пункттері (АТП) орнатылған.
«Егер тұрғындар жылу тұтынуды азайтуды қаласа, жүйені реттеу арқылы төлем көлемін төмендетуге болады. Ал егер үй мүлде жылу тұтынудан бас тартса, есептегіш құралдар бойынша төлем де есептелмейді. Энергия үнемдеу мәселесіне келсек, бұл бағытта тиісті министрліктермен бірлескен жұмыс жүріп жатыр. Тәжірибе көрсеткендей, үйлерде энергия үнемдеу шаралары (мысалы, подъездерді жылыту, жүйелерді реттеу) дұрыс жүргізілсе, жылу тұтыну айтарлықтай азаяды. Ал мұндай жұмыстар атқарылмаса, керісінше тұтыну көлемі артады.Жылыту маусымын ерте тоқтату мәселесіне қатысты айтар болсақ, егер, мысалы, наурыздың ортасында жылыту өшірілсе, кейбір тұрғындар салқындыққа шағымдануы мүмкін. Сондықтан қазіргі қолданыстағы стандарттарды қайта қарау қажеттілігі әзірге жоқ», - деді Сұңғат Есімханов.