Ақмолада жоғалған гидробекет қызметкерін өзен арнасынан іздеп жатыр
60 жастағы ер адам жұмысқа шығып, содан бері хабарсыз кеткен
Ақмола облысы Астрахан ауданындағы Старый Колутон ауылында су деңгейін өлшейтін гидробекетте жұмыс істейтін 60 жастағы қызметкер жоғалып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ер адам үйінен жұмысқа шығып, содан бері із-түзсіз кеткен. Ақмола облысы Полиция департаментінің мәліметінше, арызбен оның ағасы жүгінген.
«Азаматтың із-түзсіз жоғалу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Анықталғандай, 1966 жылы туған ер адам үйінен шығып, жоғалып кеткен. Полицияға оның ағасы арызданды. Қазіргі уақытта жоғалған адамның жүрген жерін анықтауға бағытталған іздестіру шаралары ұйымдастырылды. Тергеу барысы бақылауда», – делінген хабарламада.
Өңірлік ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, гидробекет аумағында екі сүңгуір бөлімшесі іздеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«5 сәуір күні таңғы 5:30-да жоғалып кеткен. Нақты не болғанын әзірге білмейміз. Екі сүңгуір тобы Колутон өзенінің арнасында іздеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оның суға кеткен-кетпегенін дәл қазір нақты айта алмаймыз», – деп түсіндірді Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін Ақмола облысы Қорғалжын ауданындағы Сабынды ауылынан солтүстікке қарай екі шақырым жерде орналасқан Шөптікөл бөгеті бұзылған болатын. Оқиға орнында суды қауіпсіз өткізу бойынша жедел жұмыстар жалғасуда.
Салдарды жоюға ТЖМ күштері мен құралдары, жергілікті атқарушы органдар, аудандық полиция бөлімі және жол қызметтері жұмылдырылған.
Сондай-ақ еріген қар суын дала аймағына бұру мақсатында Астана – Қорғалжын республикалық тасжолының жол жабыны деңгейін көтеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.