Алматыда дәрігерлер 12 жастағы қыздың асқазанынан үшінші рет шаш түйінін алды

Бұған дейін оған Шымкент пен Семейде ота жасалған

Алматыда дәрігерлер 12 жастағы қыздың асқазанынан үшінші рет шаш түйінін алды
Фото: depositphotos.com

Алматыдағы №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасының хирургтері сирек кездесетін диагноз – трихобезоармен түскен 12 жастағы қызға шұғыл әрі техникалық тұрғыдан күрделі ота жасап, сәтті аяқтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Хирургия бөліміне шұғыл түрде асқазанында көлемді шаш түйіні бар 12 жастағы науқас жеткізілген.

Дәрігерлердің айтуынша, бұл түзіліс баланың өміріне елеулі қауіп төндірген және жедел хирургиялық араласуды қажет еткен.

Күрделі медициналық тарих

Жағдайды қиындата түскен басты жайт – бұл науқасқа жасалған үшінші хирургиялық ота болып отыр:

  • 2021 жыл – Шымкентте ота;
  • 2024 жыл – Семейде ота;
  • 2026 жыл – Алматыға қайта түсуі.

Қайталанған ота салдарынан іш қуысында айқын жабысқақ үдеріс қалыптасып, операциядан кейінгі тыртықтар пайда болған, сондай-ақ асқазан қабырғасында елеулі өзгерістер байқалған.

«Бұл жолғы операцияны айтарлықтай күрделендірді: қатты жабысқақ үдеріс, тіндердегі тыртық өзгерістері мен анатомиялық деформациялар хирургиялық араласу кезінде елеулі техникалық қиындықтар туғызды», – деді №2 балалар қалалық клиникалық ауруханасының хирургия бөлімінің меңгерушісі Марат Қаптағаев.

Ота қалай өтті

Күрделілік деңгейі мен қауіп жоғары болғанына қарамастан, хирургтер отаны өте жоғары кәсіби деңгейде өткізді. Хирургиялық араласу сәтті өтіп, ота барысында ешқандай асқыну тіркелмеген. Бұл мамандардың жоғары біліктілігі мен медициналық команданың үйлесімді жұмысының нәтижесін көрсетті.

Қазіргі уақытта науқастың жағдайы тұрақты деп бағаланып отыр. Қыз дәрігерлердің тұрақты бақылауында және қажетті ем қабылдап жатыр.

Айта кету керек, бұл дерттің негізгі себебі – трихофагия, яғни шашты еріксіз жеу әдеті. Ауруханаға жатқызу кезінде пациентпен психолог жұмыс істеген. Ауруханадан шыққаннан кейін дерттің қайта қайталанбауы үшін оған психиатрдың қосымша бақылауында болу ұсынылады.