Ақтөбеде ер адам клиентінің көлігін басқа қалаға айдап кетіп, мас күйінде апатқа ұшыраған

Автор: Асыл Арман

Ол осы ісі үшін 4 жылға сотталып кетті

Фото: istockphoto.com

Ақтөбеде автосервис шебері клиентінің көлігін айдап кетіп, басқа қалада апатқа ұшыраған. Осы әрекеті үшін ол сотталып кетті. Көлікті қалпына келтіру құны шамамен 8 миллион теңгеге бағаланған. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «Диапазон» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Іс материалдарына сәйкес, Ақтөбе тұрғыны автосалоннан 2024 жылы шыққан Kia Sportage көлігін несиеге сатып алған.

Көлікте аздаған зақым болғандықтан, оны түзетіп, боятып алмақ болады. Досының кеңесімен шеберлердің біріне жүгінген. Шебер жұмысын 250 мың теңгеге бағалайды. Бұл баға көлік иесінің көңілінен шығып, кешкі уақытта көлігін кілтімен бірге қалдырып кетеді. Шеберге 150 мың теңге алдын ала төлем берген.

Алайда бірнеше сағаттан кейін шебер клиентінің көлігімен Алға қаласына бояу мен жөндеу жабдықтарын алу үшін барып қайтпақ болады. Алайда көлік иесінен рұқсат сұрамаған. Бөтен көлікпен Алға қаласына аман жетіп, танысынан қажетті құрал-жабдықтарды алғанымен, ауа райының қолайсыздығына байланысты және жолдың жабылуына байланысты Ақтөбеге бірден қайта алмаған.

Осыдан кейін шебер досымен бірге көлік ішінде алкоголь ішкен. Кейін сол көлікпен жақын маңдағы дүкенге бармақ болады. Дегенмен жолда шебер көлік руліне ие бола алмай, апатқа ұшыраған. Көлік иесі өз көлігінің Алға қаласында апатқа түскенін тек келесі күні полициядан білген.

Көлікті қалпына келтіру құны шамамен 8 миллион теңгеге бағаланған. Шебер бұл шығынды толық өтей алмағандықтан, ірі көлемде залал келтіре отырып көлік айдап кету бабы бойынша сотқа тартылған.

Сотта айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, үкім шыққанға дейін тек 2 миллион теңгені қайтарған. Жәбірленуші соттан қалған 5 миллионнан астам теңгені өндіріп беруді сұрап, оны бас бостандығынан айырмауды өтінген.

Жақында сот 48 жастағы шеберді жалпы режимдегі колонияда 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.