Аталған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді
Ақтауда жер сілкінетіні туралы жалған ақпарат жарияланды. Бұл туралы Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникация орталығы мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желілерде Ақтау қаласында алдағы уақытта жер сілкінісі болады деген бейнематериал жарияланған. Аталған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.
«Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында Tiktok желісінде Ақтауда жер сілкінетіні туралы бейнематериал анықталды. Алайда бұл мәлімет ресми түрде расталмаған және шындыққа жанаспайды», – делінген орталық хабарламасында.
Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, бұл ақпарат жалған, тұрғындарға алаңдауға негіз жоқ.
«Мұндай ақпараттар халықты үрейлендіріп, қоғамда негізсіз дүрбелең туғызады және жалған ақпарат тарату болып табылады», – деді жауапты орган өкілдері.
Төтенше жағдайлар департаменті әлеуметтік желілерде жарияланған тексерілмеген ақпаратқа сенбеуді және күмәнді материалдарды таратудан аулақ болуды сұрайды.