Үкімет Қожа Ахмет Ясауи мұрасын дәріптеудің ауқымды жоспарын бекітті
Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды
Үкімет Қожа Ахмет Ясауидің мұрасын зерттеу, сақтау және халықаралық деңгейде таныту мақсатында 2026-2028 жылдарға арналған жоспарын қабылдады. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің хабарлауынша, құжат 37 нақты іс-шараны қамтиды. Жоспар Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани астанасы және туризм орталығы ретінде дамытуды көздейді.
Бағдарлама бес негізгі бағыт бойынша іске асырылады:
1. Құқықтық және институционалдық базаны жетілдіру;
2. Ғылыми-зерттеу және білім беру жобалары;
3. Мәдени-ағартушылық және шығармашылық бастамалар;
4. Халықаралық имидждік шаралар;
5. Кесенені қалпына келтіру жұмыстары.
Сондай-ақ, Түркістанда мектеп оқушылары арасында дәстүрлі «Ясауитану» байқауының республикалық кезеңі өтеді. Мұражай жанынан арнайы үйірмелер ашылмақ.
Қазақстан ұлы ойшылдың жазбаша мұрасын ЮНЕСКО-ның «Әлем естелігі» бағдарламасына қосуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, ИСЕСКО аясында «Ясауи жылын» жариялау мәселесі пысықталмақ.
Шетелдік қонақтарға арналған жаңа гайдбуктар мен аудиогидтер әзірленіп, Түркістанның киелі орындарын қамтитын бірегей туристік маршруттар ашылмақ. Ойшылдың бұрын-соңды жарияланбаған еңбектері мен архивтік құжаттарының каталогы шығарылады.
«Бұл жоспарды іске асыру Түркістанның әлемдік деңгейдегі рухани-мәдени орталық ретіндегі әлеуетін толық ашуға мүмкіндік береді», — деп атап өтті мекеме өкілдері.