Шымкентте кәсіпкерлерге 260 млн теңге көлемінде заңсыз салық салынған

Автор: Дәулет Ботагөз

Прокурорлардың бақылауынан кейін 2 571 кәсіпкер мен азаматтың құқығы қорғалды

Фото: © istockphoto.com

Шымкентте кәсіпкерлердің нысандағы маңдайшалары заңсыз түрде сыртқы жарнама деп танылып, оларға миллиондаған теңге салық салынған. Бас прокуратура жүргізген тексеріс нәтижесінде 260 миллион теңгенің негізсіз екені анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Прокурорлық қадағалау барысында 127 нысанның (маңдайшалардың) жарнамаға жатпайтынына қарамастан, олар үшін заңсыз төлемдер талап етілгені белгілі болды. Сондай-ақ, іс жүзінде жарнама орнатпаған 115 жалға беруші де заңсыз төлеушілер тізіміне енген.

«Тексеріс қорытындысы бойынша кәсіпкерлерге 260 млн теңге көлемінде негізсіз салық есептелгені расталды», - деп мәлімдеді Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Тексеріс кезінде тағы бір өрескел заң бұзушылық анықталды. Хабарлама бермей 4 286 жарнама нысанын орнатқан кәсіпкерлерге мемлекеттік бақылаудан кейін міндетті ұсынымдар жіберілмеген.

Заң бойынша құзырлы орган анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы кеңес беруге және кәсіпкерге қатені өз еркімен түзетуге мүмкіндік беруге міндетті.

Алайда, Шымкенттегі жауапты тұлғалар бұл мүмкіндікті ескермей, кәсіпкерлерді бірден әуре-сарсаңға салған.

Прокурорлардың бақылауынан кейін 2 571 кәсіпкер мен азаматтың құқығы қорғалды. Заңсыз өндірілген қаражат қайтарылып, кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылды.