Алматыда алаяқтарға алданған зейнеткер екі пәтерінен айырылды
Сот 69 жастағы әйелді үйінен шығару туралы шешім қабылдады
Алматыда жалғызбасты зейнеткер алаяқтардың арбауына түсіп, екі пәтерін сатып жіберген. Сот 69 жастағы әйелді үйінен шығару туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Светлана Суходольскаяның айтуынша, бәрі өткен жылдың мамыр айында басталған. Оған белгісіз біреулер хабарласып, өзін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерімін деп таныстырған. Алаяқтар «біреулер сіздің электрондық цифрлық қолтаңбаңызды бұзып кірді» деп қорқытып, сеніміне кірген.
«Олар мені тәулік бойы бақылауда ұстады. Таңертең де, кеш батқанда да қоңырау шалып, үйде не істеп жатқанымды тексеріп отырды. Барлығы қас қағым сәтте болды, қалай сеніп қалғанымды өзім де білмеймін», — дейді жәбірленуші.
Қылмыскерлер зейнеткерді Алматы орталығындағы екі пәтерін де шұғыл сатуға көндірген. Әрқайсысы 25 миллион теңгеден бағаланған жылжымайтын мүлік сатылып, Светлана Суходольская қолма-қол ақшаны тапсырыс жеткізушіге беріп жіберген.
Кейін анықталғандай, ақшаны алып кеткендер Қырғызстан азаматтары болып шықты. Олар 5,5 жылға бас бостандығынан айырылғанымен, зейнеткерге қайтаратын ештеңесі жоқ – сотталушылардың атына тіркелген ешқандай мүлік табылмаған.
Зейнеткер бір жыл бойы келісімшартты заңсыз деп тануға тырысқанымен, азаматтық сотта жеңіліп қалды. Енді ол 50 жыл тұрған шаңырағынан екі айдың ішінде көшуі тиіс. Жаңа қожайындар үйді босатуды талап етіп отыр. Ал кейуананың барар жері, басар тауы жоқ.
Заңгерлер не дейді?
Заң консультанттарының республикалық алқасы төрағасының кеңесшісі Ғабит Өмірбековтің айтуынша, пәтерді қайтару мүмкіндігі өте төмен.
Пәтерді қайтарып алу үшін апелляциялық және Жоғарғы сотқа шағым түсіріп, прокуратураға арызданып, қылмыстық іс шеңберінде мәміленің «жалған» екенін дәлелдеу қажет. Егер қылмыстық сот шешімінде мәміле заңсыз деп көрсетілсе, азаматтық істі қайта қаратуға болады.
Алматылық зейнеткер қазіргі таңда тек жақсылықтан үміт үзбей, көшеде қалмаудың амалын іздеуде.