Республика аумағында тұман түсіп, жел күшейеді
«Қазгидромет» синоптиктері 4 сәуір, сенбі күні Қазақстан бойынша ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Метеорологтардың жарияланған мәліметіне сәйкес, атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты елдің басым бөлігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде жауын-шашын қатты болып, бұршақ түсіп, дауыл тұруы мүмкін.
Елдің солтүстік-батысы мен оңтүстігінде жауын-шашын әсіресе қарқынды болады.
Сондай-ақ шығыс өңірлерде ауқымды антициклонның ықпалымен жауын-шашынсыз құрғақ ауа райы сақталады.
«Республика бойынша тұман түсіп, жел күшейеді, ал солтүстік өңірлерде шаңды дауыл болуы мүмкін», – деп мәлімдеді «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметі.
Сонымен қатар Қызылорда облысының шығысында, Түркістан облысының батысы, солтүстігі мен орталығында, Жамбыл облысының солтүстік-батысы, шығысы мен орталығында, Алматы облысының солтүстігі мен оңтүстігінде, Жетісу облысының солтүстігі, оңтүстігі және орталығында жоғары өрт қаупі күтіледі.
Мамандар бұған дейін де ел тұрғындарын жайлы күн райының жаңбырлы ауа райына ауысатыны туралы ескерткен болатын.