Петропавлда балықтар жаппай қырылды: өлекселері мұзға қатып қалған
Қала тұрғындары саяжай аумақтарының маңынан көп мөлшерде өлі балықтарды тапқан
Петропавлда балықтар жаппай қырылып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, сазан тұқымдас балықтар мен шортандар қала шетіндегі Есіл өзенінің ескі арнасында қырылған. Өлі балықтар су айдынының ең таяз бөліктерінің бірінен, жергілікті саяжай қоғамына апаратын жол маңынан табылған. Әдетте осы маңда балық аулайтын Хромзавод шағынауданының тұрғындары үшін бұл көрініс үлкен шок болды. Өлі балықтар мұзға қатып қалған.
Оқиғаның себебін анықтау үшін арнайы жұмыс тобы оқиға орнына барды. Оның құрамына балық шаруашылығы мамандары мен ветеринарлар кірген. Қажетті талдаулар алынды.
Алдын ала болжам бойынша, балықтың жаппай қырылуына қыстың қақаған аязы себеп болған. Су айдынының бұл бөлігі түбіне дейін қатып қалған. Сондай-ақ балықтар оттегі жетіспеуінен қырылуы мүмкін деген жорамал да бар.
«Қыс мезгілінде мұздың қалыңдығы бір метрден асты. Бұл су айдыны терең емес. Су қоймасы пайдаланушыға бекітілген. Ішіндегі барлық балық қырылған, сондықтан оларды балық шаруашылығы субъектісіне жою ұсынылды», – деді Есіл өңіраралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы бөлімінің басшысы Ильдар Какимов.