Антитеррор кезінде қаруды алдын ала ескертусіз қолдануға рұқсат беріледі
Қазақстанда мемлекеттік күзет қызметінің өкілеттігін кеңейту көзделіп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәжілісте арнайы мемлекеттік органдардың қызметіне қатысты түзетулер енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда қаралды. Құжат “Мемлекеттік күзет қызметі туралы” заңның 10-бабына өзгерістер енгізуді ұсынады.
Ұсынылған нормаларға сәйкес, антитеррористік операция жүргізілетін аймақта мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлеріне лаңкестерге қарсы алдын ала ескертусіз күш, арнайы құралдар, қару және техниканы қолдануға құқық беріледі. Сонымен бірге, өзін-өзі қорғау немесе құқық бұзушыны ұстау кезінде қажетті құралдары болмаған жағдайда, кез келген қолжетімді заттарды пайдалануға мүмкіндік қарастырылған.
Мәжіліс депутаты Болат Керімбектің мәліметінше, заң жобасы тек күштік құрылымдардың өкілеттігін кеңейтумен шектелмейді. Құжат аясында арнайы мемлекеттік органдарға талантты жастар мен білікті IT-мамандарды тарту тетіктері де енгізілмек.
Сондай-ақ түзетулер төтенше жағдай режимі енгізілген кезде және әлеуметтік сипаттағы дағдарыстар барысында ұлттық қауіпсіздік органдарының өкілеттіктерін нақтылауға бағытталған.
Бұдан бөлек, заң жобасы мемлекеттік құпияларды қорғау жүйесін күшейтуді көздейді. Атап айтқанда, “мемлекеттік құпияларды қорғау деңгейінің төмендеуі” ұлттық қауіпсіздікке төнетін қауіптердің бірі ретінде заңнамалық деңгейде бекітілмек.
Құжатта мемлекеттік күзет қызметіне өз бұйрықтарын орындамаған тұлғаларға қатысты әкімшілік хаттамаларды дербес рәсімдеу құқығын беру де қарастырылған.
Айта кетейік, Мемлекеттік күзет қызметі – Қазақстан президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін арнаулы орган. Ол мемлекет басшысы мен жоғары лауазымды тұлғалардың, сондай-ақ стратегиялық маңызы бар нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.