Тоқаев Сауд Арабиясының Қазақстандағы елшісін қабылдады

Автор: Асыл Арман

Тоқаев Мұхаммед бен Салманды Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақыратынын растады

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Сауд Арабиясы Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы елшісі Файсал Әл-Кахтаниді қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Сауд Арабиясымен ынтымақтастықты жан-жақты нығайтуға айрықша мән беретінін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев тақ мұрагері, Сауд Арабиясының премьер-министрі Мұхаммед бен Салман Әл Саудтың екі елдің сан қырлы ықпалдастығын ілгерілетуге қосқан елеулі үлесін айрықша атап өтті.

«Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман – шын мәнінде, жаһандық ауқымдағы мықты әрі беделді көшбасшы. Оның өз Отанын өркендетуді көздейтін көреген әрі прогрессивті стратегиясы, сондай-ақ халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту ісінде атқарған рөлі ең жоғары баға мен құрметке лайық», – деді Қазақстан президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Мұхаммед бен Салманды Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақыратынын растады.

Файсал Әл-Кахтани өз елінің Қазақстан Республикасымен стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге бейіл екенін айтты.

Ол жақында қол қойылған Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім, сондай-ақ екі ел арасында Координациялық кеңес құру тиімді байланыстарды жандандыруға жол ашатынына назар аударды.

Бұдан бөлек, дипломат Таяу Шығыстағы күрделі ахуалға байланысты Қазақстан президентінің көрсеткен жан-жақты қолдауына Сауд Арабиясы басшылығының шынайы ризашылығын жеткізді. Сонымен қатар Қазақстанның бітімгерлік келіссөздерді киелі Түркістан шаһарында өткізу туралы бастамасының өзекті екеніне тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтың тұрақтылығын, қауіпсіздігі мен орнықты дамуын қамтамасыз ету әрекеттеріне алдағы уақытта да жәрдемдесуге әзірлігін, сондай-ақ Сауд Арабиясына және Шығанақтағы барлық елдерге тілектестігін білдірді.

Кездесу соңында президент қос киенің сақшысы, Сауд Арабиясының королі Салман бен Әбделазиз Әл Саудқа және тақ мұрагері, премьер-министр Мұхаммед бен Салман Әл Саудқа ыстық ықыласы мен сәлемін жолдап, бауырлас Сауд Арабиясы халқына бақ-береке тіледі.