«Kundelik.kz-те күніне 1-1,5 сағат уақытын жұмсайды»: депутат ұстаздардың проблемасын көтерді

Қазақстанда мұғалімдердің апталық жүктемесі орта есеппен 36 сағат болса, оның тек 23 сағаты сабаққа жұмсалады

«Kundelik.kz-те күніне 1-1,5 сағат уақытын жұмсайды»: депутат ұстаздардың проблемасын көтерді
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Наталья Дементьева премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министріне мұғалімдердің цифрлық жүктемесі мен білім беру жүйесіндегі артық есептілік мәселесіне қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутаттың айтуынша, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру жүйесін дамыту мәселелері жөніндегі бірқатар отырыста мұғалімдерді өзіне тән емес функциялардан босату қажеттігін бірнеше рет атап өткен.

«Мемлекет басшысы Касым-Жомарт Тоқаев білім беру жүйесін дамыту мәселелері жөніндегі бірқатар отырыста мұғалімдерді өзіне тән емес функциялардан босату, артық есептілікті қысқарту қажеттігін ерекше атап өткен болатын. Бұл ретте педагогтың негізгі міндеті – сапалы білім беру мен тәрбие жұмысына толыққанды көңіл бөлуі тиіс екені нақты айқындалды. Аталған ұстаным «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында да жүйелі түрде көрініс тапқан», – деді депутат.

Оның айтуынша, соңғы жылдары білім беру жүйесін цифрландыру бағытында бірқатар жұмыс атқарылған.

«Соңғы жылдары Қазақстанда білім беру жүйесін цифрландыру бағытында айтарлықтай қадамдар орындалып жатыр. Солардың ішінде Kundelik.kz платформасы оқушылар мен мұғалімдер арасындағы байланысты жеңілдетуге және білім сапасын арттыруға арналған құрал ретінде енгізілді», – деді ол.

Алайда депутаттың сөзінше, аталған платформа мұғалімдерге қосымша жүктеме болып отыр.

«Алайда, тәжірибе көрсеткендей, платформа өз миссиясынан ауытқып, мұғалімдердің негізгі кәсіби функциясы – сабақ беру мен бала тәрбиесі екінші орынға ысырылып, қосымша есеп пен формализмге айналып келеді. Цифрлық трансформацияның мақсаты – уақытты үнемдеу және тиімділікті арттыру екені баршаға мәлім. Бірақ бұл тұрғыда ол мұғалімдер үшін қосымша жүктеме болып отыр.

Мысалы, аптасына 25 сағаты бар мұғалім Kundelik.kz-те күніне 1-1,5 сағат уақыт жұмсауына тура келеді. Яғни күнделікті тақырыптық жоспар жасау, үй тапсырмаларын қадағалау, бағалау және оқушының түсінгенін талдауды электронды күнделікке енгізу қосымша уақытты талап етеді. БЖБ және ТЖБ кезеңінде бұл жұмыс көлемі екі есеге артатыны айтпаса да түсінікті. Нәтижесінде – мұғалімнің сабаққа дайындалатын уақыты қысқарады», – деді ол.

Депутат сөз арасында халықаралық ұйымдардың деректеріне де тоқталып өтті.

«Халықаралық ұйымдардың бағалауынша, Қазақстанда мұғалімдердің апталық жүктемесі орта есеппен 36 сағат болса, оның тек 23 сағаты сабаққа жұмсалады, ал қалған бөлігі дайындық, тексеру, есеп және әкімшілік жұмысқа кетеді. Мұғалімдердің шамамен 25 пайызы артық әкімшілік жүктемені стресс көзі деп санайды екен», – деді депутат.

Оның айтуынша, білім беру жүйесінде цифрлық есептілік мәселесі парадоксқа айналған.

«Бұдан түйетін ой, білім беру саласындағы парадокс – қағазбастылықтан арыламыз деп жүріп мұғалімдерді цифрлық есептілікке байлап қойдық. Бастапқы идея қандай еді?! Мұғалімді артық есептен босатып, оның уақытын оқушыға бағыттау болды. Нәтижесінде, қағаз азайды, бірақ есеп беру саны азаймады, еркіндік артпады, керісінше, бақылау күшейді», - деді ол.

Депутат озық елдердің тәжірибесін мысалға келтірді.

«Озық елдерде цифрлық платформаның мұғалімге қалай қызмет ететінін көруге болады. Мәселен, Финляндияда мұғалім автономиясы сақталады, платформа тек қысқа өзара байланыс құралы саналады. Ал Сингапурде ақпарат бір рет енгізіледі, жүйе қолдау көрсетеді, бақыламайды. Эстонияда цифрлық платформа автоматтандырылған, уақыт үнемдейді, қосарланған есеп жоқ. Қазақстандағы қазіргі жүйеде мұғалім педагог емес, операторға айналып, сабақ сапасы емес, журнал толтыру сапасы бағаланады», – деді депутат.

Осыған байланысты Наталья Дементьева Үкіметке нақты ұсыныстар жолдады.

  1. Kundelik.kz функционалын қайта қарап, тек оқыту процесіне қажетті деректер қалдыру маңызды.
  2. Мұғалімнің цифрлық жүктемесіне аудит жүргізу; нақты қанша уақыт платформаға кететінін анықтау керек.
  3. Халықаралық модельге көшу – жүйе мұғалімге қызмет етуі тиіс, мұғалім жүйеге емес.
    Осындай үдерістерді басшылыққа алмай, білім беру саласында сапаны арттыру қиын болады.