Басқа ел азаматтарына қатысты іс бойынша деректер белгісіз
Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев Ресейде қазақстандық вахта қызметкерлерінің жаппай төбелесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Ресейдегі Усть-Лугада вахталық кестемен жұмыс істейтін шамамен төрт мыңнан астам Қазақстан азаматы тіркелген. Мәселе сәл күрделі, себебі олар – вахталық жұмысшылар, олар тұрақты ауысыммен еңбек етеді», – деді Ержан Ашықбаев.
Оның айтуынша, олардың арасынан зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Қазіргі уақытта төрт адам бақылауда, олардың үшеуіне арнайы көмек көрсетілген.
«Сонымен қатар, қай елдерде азаматтарды қайтару немесе тергеу жүргізілгені туралы нақты ақпарат жоқ, басқа ел азаматтарына қатысты іс бойынша деректер белгісіз», – деді ол.
Еске салсақ, бастапқыда тәртіпсіздіктерге бірнеше жүз адам қатысқан. Оқиғадан кейін әртүрлі елдердің 30-дан астам азаматы ұсталды. Алғашқы тергеу әрекеттері жүргізілгеннен кейін ұсталғандардың басым бөлігі босатылды. Бірқатар тұлғаға, оның ішінде Қазақстан азаматтарына қатысты 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы сот шешімдері қабылданды.
Усть-Лугадағы вахталық кентте шамамен 15 мың адам тұрады.