Тексеріс күкіртсутек иісіне қатысты шағымдардан кейін жүргізілді
Атырау мұнай өңдеу зауытында экологиялық талаптардың өрескел бұзылғаны анықталып, кәсіпорынға 520 млн теңге көлемінде айыппұл салынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жоспардан тыс тексеріс қала тұрғындарының ауадағы жағымсыз күкіртсутек иісіне байланысты жаппай шағымынан кейін басталған. ҚР Экология, табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Бекмұхамбетовтің мәліметінше, тексеру барысында бірқатар заңбұзушылық тіркелген.
Атап айтқанда, мамандар ауаға тараған зиянды заттардың көлемі белгіленген нормадан асып кеткенін анықтаған. Сонымен қатар, өндірістен шыққан сарқынды судың экологиялық рұқсатсыз жерге төгілгені белгілі болған. Бұған қоса, зауыт апаттық жағдай туралы уақтылы хабарламаған.
Тексеріс қорытындысы бойынша 3 әкімшілік хаттама толтырылып, іс сотқа жолданған. Сот шешімімен кәсіпорынға айыппұл салынды. Қазіргі уақытта зауыт тексеріс нәтижелерімен келіспейтінін мәлімдеп отыр.