Батыста нөсер күшейеді, бірқатар өңірде жел тұрып, өрт қаупі сақталады
Қазақстанда 1 сәуір күні ауа райы құбылмалы сипатта болады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты елдің батысында, сондай-ақ оңтүстік және оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Әсіресе батыс өңірлерде жауын-шашынның мөлшері мол болуы мүмкін.
Ал республиканың қалған аумағында ауқымды антициклон ықпалынан жауын-шашынсыз, құрғақ ауа райы сақталады.
Синоптиктердің дерегінше, ел аумағының кей бөліктерінде тұман түсіп, батыс, оңтүстік және шығыс өңірлерде жел күшеюі ықтимал. Сонымен қатар Қызылорда облысының шығысында, Түркістан облысының батысында және Жетісу облысының оңтүстігінде өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады.