Астана-МЮ матчына арналған билеттер 7 қарашадан кейін ашық сатылымға түседі

Автор: Azattyq Rýhy

Қазақстандық жанкүйерлер 28 қараша күні «Астана Аренада» өтетін Астана-МЮ арасындағы матчты асыға күтіп жүр

2019-2020 жылдарға арналған футболдан УЕФА Еуропа лигасының L тобында «Манчестер Юнайтед» (Англия), «АЗ Алкмаар» (Голландия), «Партизан» (Сербия) және «Астана» (Қазақстан) командалары өнер көрсетеді.

Үш турдан кейінгі нәтиже бойынша L тобында ағылшындық клуб 7 ұпаймен көш бастап тұр, екінші орында голландиялық «АЗ Алкмаар» (5 ұпай), үшінші орында сербиялық «Партизан» клубы (4 ұпай). Ал топтың аутсайдеріне айналған «Астанада» әзірге 0 ұпай.

Қазақстандық жанкүйерлер 28 қараша күні «Астана Аренада» өтетін Астана-МЮ арасындағы матчты асыға күтіп жүр. Өйткені, ағылшындық клубтың сапында бірқатар әлемдік футбол жұлдыздары өнер көрсетеді. 20 дүркін Англия чемпионы, үш дүркін Еуропа Чемпиондар лигасының жеңімпазы атанған «Манчестер Юнайтедтің» жанкүйерлері әлемнің әр түкпірінен табылады.

Бұл матчқа арналған билеттер әлі күнге дейін ашық сатылымға түскен жоқ. «Астана» футбол клубының баспасөз қызметі билеттер 7 қарашадан кейін, яғни Астана-АЗ Алкмаар арасындағы матч аяқталғаннан кейін ашық сатылымға түсетінін айтты.

Ал, матч билеттерінің құны қандай болатынын төмендегі инфографикадан біле аласыздар.

Естеріңізде болса, 19 қыркүйек күні Манчестер қаласында өткен матч 1:0 есебімен ағылшындық клубтың жеңісімен аяқталды. Жалғыз голдың авторы – Мейсон Гринвуд (73’).