Пандемия кезінде қазақстандықтарды елге жеткізуге атсалысқан ұшқыш қайтыс болды

Автор: Azattyq Rýhy

Болат Серікбаев гуманитарлық жүктерді жеткізу бойынша да белсенді қызмет атқарды

фото: facebook

Қазақстанға еңбегі сіңген ұшқыш, пандемия басталғанда Ухань қаласындағы студенттерді елге жеткізуге атсалысқан Болат Серікбаев коронавирустан көз жұмды.

ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің ұжымы Серікбаев Болат Мұсаұлының дүниеден өтуіне байланысты, марқұмның туған-туыстары мен жақындарының қайғыларына ортақтасып көңіл айтты.

«Болат Мұсаұлы өз ісінің нағыз маманы, 38 жылдан астам уақыт Boeing-757 және Boeing-767 үлгісіндегі әуе кемелерінің командирі болған тәжірибелі ұшқыш. Ол гуманитарлық жүктерді жеткізу және отандастарымызды елге қайтару бойынша әуе рейстерін орындауға белсенді қатысты. Осы қиын уақытта оның барлық ісі ел азаматтарына көмек көрсетуге бағытталған еді», - делінген комитет ұжымының көңіл айту хатында.

Болат Серікбаев соңғы жылдары SCAT әуе компаниясында қызмет атқарған.