Тексеріс кезінде «СҚ-Фармация» қоймаларынан қажетті дәрілер табылды
Агенттік «СК Фармация» ЖШС-нің Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларындағы қоймасын тексерді
13-14 шілдеде Жемқорлыққа қарсы агенттік өкілдері, «Адалдық алаңы» мүшелері және арнайы мониторинг тобы «СҚ-Фармация» ЖШС-нің Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларындағы қоймасын тексерді. Қоймаларды тексеру барысында жеткілікті мөлшерде COVID-19 вирусын емдеу хаттамасында көрсетілген медициналық препараттар табылған. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Агенттіктің хабарлауынша, қоғам тарапынан дәрі-дәрмектердің медициналық мекемелерге уақытылы жеткізіліп отыратынына қатысты сұрақтар туындаған. Сондай-ақ халықтың гуманитарлық көмекті үлестіру жағдайына қатысты да сенімсіздігі күшейе түскен. Ал, «СҚ-Фармация» компаниясы - гуманитарлық көмекті қабылдап алатын және тасымалдайтын бірыңғай оператор. Аталмыш мекеме Қазақстанға шет елдерден жеткізілетін гуманитарлық көмекті қабылдайды және Денсаулық сақтау министрлігінің мен рұқсат қағазын жасап, жүктерді өңірлерге тасымалдауды қамтамасыз етеді.
Ал, өңірлерде әрі қарай үлестіру жергілікті атқарушы органдардың Денсаулық сақтау басқармаларына тиесілі.
Осылайша, Агенттік Катардан жеткізілген гуманитарлық көмекті қоймадан Павлодар облыстық ауруханасына беру процесін тексеріп, жүктің заңды бөлінуін бақылау бойынша ұсыныстар енгізеді. Айта кетейік, Катардан көмек ретінде жеке қорғаныс құралдары келді.
Агенттіктің Шымкент қаласы бойынша департаменті Қытайдан жеткізілген гуманитарлық көмектің қаланың медициналық мекемелері бойынша бөлінуін қадағалайды. Сонымен қоса, облыстық департамент медициналық препараттары бар қоймаларды тексереді.
Сондай-ақ Қытай мен Ресейден келген гуманитарлық жүк Ақтөбе облысына жеткізілді. Аталмыш елдерден көмек ретінде медициналық көзілдіріктер, медициналық қорғаныс костюмдері, хирургиялық қолғаптар, термометрлер және басқа да қорғаныс құралдары жеткізілген.
Біріккен Араб Әмірліктерінен Маңғыстау облысына гуманитарлық көмек ретінде вирустан қорғану құралдары жеткізілді. Облыс әкімдігі медициналық құралдарды бөлуді бақылау бойынша арнайы комиссия құрды. Арнайы комиссияның құрамында «Адалдық алаңының» мүшелері бар.
Еске салайық, 13 шілдеде Жемқорлыққа қарсы агенттік «СҚ-Фармация» мен Медициналық сақтандыру қорын тексеруді бастады.