Ұлытау облысында әкімдік миллиардтаған теңгені желге ұшырмақ болған
Бюджет қаражатының мақсатына сәйкес пайдаланылуы прокуратура бақылауында
Ұлытау облысында мемлекеттік органдар миллиардтаған теңгені желге ұшырмақ болғаны анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыс прокуратурасы бюджет қаражатын жұмсау және мемлекеттік сатып алу саласында заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету бойынша жүйелі түрде жұмыс жүргізуде.
Уақытылы қабылданған алдын алу шараларының нәтижесінде тек 2026 жылы прокурорлардың актілері бойынша заңнама талаптарын бұза отырып жүргізілген 4,6 млрд теңге сомасына 12 мемлекеттік сатып алудың күші жойылды. 785 млн теңге көлемінде бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына жол берілмеді.
Мысалы, Жезқазған қаласының әкімдігі абаттандыру жұмыстарын (Алашахан көшесі мен Кеңгір су қоймасының жағалауы) жобалық-сметалық құжаттамасыз 450 млн теңгеден аса сомаға жүргізуді жоспарлаған.
Басқа жағдайда автомобиль жолдарын күтіп-ұстау жұмыстарына құрылыс индексін негізсіз қолдану фактісі анықталып, бұл жұмыстар құнының 300 млн теңгеден астам сомаға жасанды түрде ұлғаюына әкелген.
«Прокурорлық қадағалау актілері бойынша анықталған заңбұзушылықтар жойылып, сатып алу рәсімдері тоқтатылды және бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына жол берілмеді.
Бюджет қаражатын үнемдеу және мақсатты пайдалану бағытындағы прокуратура органдарының жұмысы жалғасуда», – делінген прокуратураның хабарламасында.