Сарыағаш тұрғыны заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырып, 21 млн теңгеге жуық ақша тапқан
Ол бірнеше үй-жайды жалға алып, онда ойын автоматтарын орнатқан
Түркістан облысында Сарыағаш ауданының тұрғыны заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол бірнеше үй-жайды жалға алып, онда ойын автоматтарын орнатқан және интернет арқылы тыйым салынған құмар ойындарға қолжетімділікті қамтамасыз еткен. Заңсыз қызметтен түскен жалпы табыс 20,9 млн теңгеден астам соманы құрған.
Сот оны 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Алайда, заңсыз алынған табыстың тағдыры туралы мәселе шешілмеген күйінде қалды.
«Жоғарғы Соттың түсіндірмелеріне сәйкес, экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқық бұзушылық нәтижесінде алынған табыс кінәлі адамнан алынуға және мемлекет пайдасына өндірілуге тиіс.
Бұл ереже қандай да бір шығыстарды шегермей, тауарларды (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) өткізуден алынған қаражаттың барлық сомасына қолданылады. Бас прокуратураның кассациялық тәртіппен енгізген наразылығы бойынша сот актілері өзгертілді.
Сотталған адамнан ойын бизнесін ұйымдастырудан түскен заңсыз табыс – 20 909 365 теңге мемлекет пайдасына өндірілді», – делінген Бас прокуратураның хабарламасында.