Атылған оқтар ескерту сипатында болған
Алматы облысының Есік қаласындағы көшелердің бірінде бір топ жас жиналып, төбелес шығарған. Оқиға орнына келген полицейлер жанжалды тоқтату үшін аспанға бірнеше рет ескерту ретінде оқ атуға мәжбүр болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Төбелестің видеосы әлеуметтік желілерде тарады. Куәгерлер түсірген кадрларда айқайлап, бірін-бірі қуып жүрген жастар тобы көрінеді. Бейнежазбаға қарағанда, олардың кейбірі оқиға орнына көлікпен келген. Полицейлер аспанға оқ атқан сәтте, кейбірі көліктеріне отырып, оқиға орнынан асығыс кетіп қалған.
Алматы облысы полиция департаменті бастығының тергеу жұмыстары жөніндегі орынбасары Рустам Абдрахмановтың айтуынша, видеода көрсетілген құқыққа қайшы әрекеттер 2026 жылғы 28 наурызда Еңбекшіқазақ ауданы аумағында болған.
Оқиғаға байланысты: бұзақылық және полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсету фактілері бойынша екі қылмыстық іс тіркелді.
«Жеті адам күдікті ретінде танылды. Олардың барлығы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аспанға атылған оқтарды ескерту мақсатында, қоғамдық тәртіптің бұзылуына жол бермеу үшін оқиға орнына келген полиция қызметкерлері атты. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Әрбір қатысушының әрекетіне құқықтық баға беріледі», – деді Рустам Абдрахманов.
Оның айтуынша, барлық қажетті тергеу амалдары Алматы облысы полиция департаментінің үйлестіруімен Еңбекшіқазақ аудандық полиция басқармасының қызметкерлері тарапынан жүргізіліп жатыр.
«Тергеу барысы ерекше бақылауға алынды», – деп атап өтті Алматы облысы ПД бастығының орынбасары.